Есеп саясатын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2010 жылғы 7 қыркүйектегі № 444 бұйрығы
(2021.18.03. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2021 жылғы 28 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 116-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса берілген Есеп саясаты бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бухгалтерлік есептің, аудиторлық қызметтің әдістемесі департаменті (А.О. Төлеуов) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін және заңнамада белгіленген тәртіппен ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
ҚР Қаржы министрінің 2021.18.03. № 230 бұйрығымен есеп саясаты жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2010 жылғы 7 қыркүйектегі
№ 444 бұйрығымен
бекітілген
Есеп саясаты
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Есеп саясаты Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне 2008 жылғы 4 желтоқсандағы және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2010 жылғы 3 тамыздағы № 393 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есепке алуды жүргізу қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6443 болып тіркелген) сәйкес әзірленген (бұдан әрі - Бухгалтерлік есеп қағидалары).
2. Есеп саясаты мемлекеттік мекемелерде қаржы есептілігін құрастырғанда және ұсынғанда қолданылатын, барлық мемлекеттік мекемелерге бірыңғай болып табылатын принциптерді, негіздерді, ережелерді, қағидалар мен практиканы қамтиды.
2-тарау. Бухгалтерлік есеп пен қаржы есептілігін жасаудың принциптері мен негізгі сапалық сипаттамасы
3. Есептеу және қызметтің үздіксіздігі бухгалтерлік есепті жүргізу мен қаржы есептілігін жасаудың принциптері болып табылады.
4. Есептеу принципі төлем уақытына қарамастан, оларды жасау фактісі бойынша операция қорытындыларын танумен қамтамасыз етіледі.