«Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның Әдеп жөніндегі комиссиясы туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 2016 жылғы 21 қазандағы № 19 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының 2024 жылғы 7 наурыздағы № 53 бұйрығы
Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 152 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларының 9-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. «Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның Әдеп жөніндегі комиссиясы туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 2016 жылғы 21 қазандағы № 19 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14374 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықтың преамбуласы мынадай редакцияда жазылсын:
«Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 152 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларының 9-тармағына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН»;
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның Әдеп жөніндегі комиссиясы туралы ережесі осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің (бұдан әрі - Агенттік) Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықтың Агенттіктің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Агенттік Төрағасының мемлекеттік қызмет саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылау мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.