Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын есепке алу қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 4 наурыздағы № 108 Қаулысы
(2019.19.12. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2020 жылғы 30 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Мемлекеттік мүлік туралы» 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы 198-бабының 5-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын есепке алу қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
| Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2015 жылғы 4 наурыздағы
№ 108 қаулысымен
бекітілген
Мемлекеттік материалдық резервтің
материалдық құндылықтарын есепке алу
қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын есепке алу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» 2014 жылғы 1 наурыздағы және «Азаматтық қорғау туралы» 2014 жылғы 11 сәуірдегі заңдарына сәйкес әзірленді және мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын есепке алу тәртібін белгілейді.
ҚР Үкіметінің 2016.15.11. № 704 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2019.19.12. № 938 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) мемлекеттік материалдық резерв (бұдан әрі - мемлекеттік резерв) - жұмылдыру мұқтаждарына, табиғи, техногендік және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың салдарының алдын алу және оларды жою жөнінде шаралар қабылдауға, нарыққа реттеушілік ықпал етуге, босқындарға көмек көрсетуге және гуманитарлық көмек көрсетуге арналған материалдық құндылықтар запасы;