Төтенше жағдай кезінде қосымша шаралар мен уақытша шектеулер қолдану қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 28 қаңтардағы № 35 Қаулысы
Осы редакция 2022 жылғы 20 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Төтенше жағдай туралы» 2003 жылғы 8 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңы 16-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Төтенше жағдай кезінде қосымша шаралар мен уақытша шектеулер қолдану қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | С. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2014 жылғы 28 қаңтардағы
№ 35 қаулысымен
бекітілген
Төтенше жағдай кезінде қосымша шаралар мен уақытша шектеулер қолдану
қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Төтенше жағдай кезінде қосымша шаралар мен уақытша шектеулер қолдану қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Төтенше жағдай туралы» 2003 жылғы 8 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңы 16-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленді және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде төтенше жағдай енгізілген жағдайда, қосымша шаралар мен уақытша шектеулерді қолдану тәртібін айқындайды.
2. «Төтенше жағдай туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген мән-жайлар орын алған кезде жергілікті жерде төтенше жағдай енгізілген жағдайда, мынадай қосымша шаралар мен уақытша шектеулер:
1) коменданттық сағат енгізу;
2) баспа басылымдарының міндетті даналары мен радио және телебағдарламалар материалдарын сұратып алу арқылы бұқаралық ақпарат құралдарын бақылауды жүзеге асыру;
3) төтенше жағдайды енгізуге негіз болған мән-жайларды жоюға кедергі келтіретін саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тоқтата тұру немесе тоқтату;