Мемлекеттік органдардың (Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда) тәуекелді бағалау жүйесін қалыптастыруы әдістемесін, міндетті ведомстволық есептіліктің және тексеру парақтарының нысандарын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің м.а. 2015 жылғы 25 қарашадағы № 722 бұйрығы
ҚР Ұлттық экономика министрінің м.а. 2018 жылғы 31 шілдедегі № 3 бұйрығымен күші жойылды
2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 85-бабының 2-тармағының 3) тармақшасына және 141-бабының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Мыналар:
1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Мемлекеттік органдардың (Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда) тәуекелді бағалау жүйесін қалыптастыруы әдістемесі;
2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес міндетті ведомстволық есептіліктің нысаны;
3) осы бұйрыққа 3-қосымшаға сәйкес тексеру парақтарының нысаны бекітілсін.
2. «Мемлекеттік органдардың (Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда) тәуекелдерді бағалау жүйесін қалыптастыру әдістемесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің м.а. 2015 жылғы 17 сәуірдегі № 343 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11082 болып тіркелген, 2015 жылғы 12 маусымда «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланды) күші жойылсын.
3. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Кәсіпкерлікті дамыту департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспасөз басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануға жіберілуін;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.