Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 28 маусымдағы № 478 бұйрығы
(2018.29.08. берілген өзгерістермен)
Осы редакция 2018 жылғы 13 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 27 желтоқсандағы «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексінің 60-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасы бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Жер қойнауын пайдалану департаменті (Р.Н. Баймишев) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2018 жылғы 29 маусымнан бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасы Инвестициялар
және даму министрінің
2018 жылғы 28 маусымдағы
№ 478 бұйрығымен
бекітілген
Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару
бағдарламасы
1-тарау. Кіріспе
1. Осы мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасы (бұдан әрі - Бағдарлама) «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 60-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және мемлекеттік жер қойнауы қорын ұтымды басқару саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға және Қазақстан Республикасының минералдық-шикізат базасын молайтуға бағытталған.
2. Бағдарлама жер қойнауын пайдалану саласын дамыту перспективаларын талдау негізінде және:
1) Қазақстан Республикасының ұлттық, экологиялық және энергетика қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігі;
2) Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелері;
3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік жоспарлау жүйесінің бекітілген құжаттары;