Кемелерді жөндеу қағидасын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2011 жылғы 7 сәуірдегі № 201 бұйрығы
(2013.30.09. берілген өзгерістермен)
Осы редакция 2015 жылғы 31 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Ішкі су көлігі туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 6 шілдедегі Заңын іске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Кемелерді жөндеу қағидасы бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Көлік және қатынас жолдары комитеті (Н.И. Қилыбай) заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация вице-министрі А.Ғ. Бектұровқа жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы
Көлік және коммуникация
министрінің
2011 жылғы 7 сәуірдегі
№ 201 бұйрығымен
бекітілген
Кемелерді жөндеу
қағидасы
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасының Кемелерді жөндеу қағидасы (бұдан әрі - Қағида) Қазақстан Республикасы өзен флотының азаматтық кемелеріне техникалық қызмет көрсету мен жөндеудің жалпы талаптарын, ұйымдастыру мен жоспарлау принциптерін белгілейді.
2. Қағиданың қолданысы ішкі су жолдарында пайдалануға арналған азаматтық өзен кемелерінің олардың ведомстволық тиістілігіне, меншік нысанына қарамастан иелеріне қолданылады.
3. Кемелерге техникалық қызмет көрсетуді жүргізу мен жөндеудің кезеңділігі кеменің үлгілері мен мақсатына, оны пайдалану шартына, жүзу ауданына, кеменің жасына және қызмет ету нормативтік мерзіміне, сондай-ақ Кеме қатынасы тіркелімі (бұдан әрі - Кеме қатынасы тіркелімі) жүргізетін кезеңдік куәландыруды жүргізу тәртібіне байланысты белгіленеді.