«Қазақстан Республикасы Үкіметінің регламенті туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 6 қаңтардағы № 10 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 30 желтоқсандағы № 1182 Қаулысы
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің регламенті туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 6 қаңтардағы № 10 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің регламентінде:
86-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«86-1. Президенттің және Премьер-Министрдің заңнамалық түзетулерді қабылдау қажеттігі туралы тапсырмалары бойынша тиісті тапсырма түскен күннен бастап екі апта мерзімде жауапты мемлекеттік орган осы тармақта белгіленген тәртіппен орындау процесінің және оның кезеңдерінің пайымын тұжырымдайды.
Жауапты мемлекеттік орган тиісті тапсырма түскен күннен бастап бір апта мерзімде жетекшілік ететін мемлекеттік саяси қызметші деңгейінде мынадай орындау тетіктерінің бірін айқындайды:
1) заңның жаңа жобасын әзірлеу;
2) Үкімет бастама жасаған, әзірлеу немесе мемлекеттік органдармен келісу сатысында тұрған (Үкімет Аппаратына енгізілгенге дейін) заң жобасына заңнамалық түзетулер енгізу;
3) Парламент Мәжілісінің қарауындағы заң жобасына заңнамалық түзетулер енгізу (заңнамалық түзетулерді дереу енгізу қажет болған жағдайда).
Бұл ретте осы тармақтың екінші бөлігінің 3) тармақшасында көрсетілген тәсілді іске асыру осы Регламенттің 124-тармағында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Ұсынылып отырған тетікке байланысты Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген заң шығару процесінің нақты рәсімдері де оларды іске асыру мерзімдері нақты регламенттеліп айқындалады.
Жауапты мемлекеттік орган тұжырымдаған тәсілдер тиісті негіздемелерімен бірге Әділет министрлігіне келісуге жіберіледі.
Әділет министрлігімен келісу тәсілдер түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде қамтамасыз етіледі.