Транзиттік декларацияның нысанын және оны толтыру тәртібін бекіту, сондай-ақ Кеден одағы Комиссиясының және Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2023 жылғы 30 мамырдағы № 73 шешімі
Еуразиялық экономикалық одақ Кеден кодексінің 105-бабының 5-тармағына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:
1. Қоса беріліп отырған:
транзиттік декларацияның нысаны;
Транзиттік декларацияны толтыру тәртібі бекітілсін.
2. Құбыржол көлігімен өткізілетін тауарлардың кедендік транзитінің кедендік рәсіміне сәйкес кедендік декларациялау кезінде транзиттік декларация Кеден одағы Комиссиясының 2010 жылғы 20 мамырдағы № 257 шешімімен бекітілген, көрсетілген Шешіммен бекітілген Тәртіптің VII бөліміне сәйкес толтырылған тауарларға арналған декларация нысаны бойынша беріледі деп белгіленсін.
3. Кеден одағы комиссиясының 2010 жылғы 17 тамыздағы № 438 шешімімен бекітілген Кеден органдарының транзиттік декларацияны беруге, тіркеуге және кедендік транзиттің кедендік рәсімін аяқтауға байланысты кедендік операцияларды жасау тәртібіне мынадай өзгерістер енгізілсін:
а) 2-тармақтың жетінші абзацы және 3-тармақтың жиырма алтыншы абзацы алып тасталсын;
б) 7-тармақта:
бірінші абзацтағы «Кеден одағы Комиссиясының 2010 жылғы 18 маусымдағы № 289 шешімімен бекітілген Транзиттік декларацияны толтыру тәртібі туралы нұсқаулыққа» деген сөздер «Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2023 жылғы 30 мамырдағы № 73 шешімімен бекітілген Транзиттік декларацияны толтыру тәртібіне» деген сөздермен ауыстырылсын;
сегізінші абзацтағы «көрсетілген Нұсқаулыққа» деген сөздер «көрсетілген Тәртіпке» деген сөздермен ауыстырылсын.
4. Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2017 жылғы 13 желтоқсандағы № 170 шешімімен бекітілген Кеден транзитінің кедендік рәсімі қолданысының аяқталуына және тоқтатылуына байланысты кедендік операцияларды жасау тәртібінің 5-тармағы «б» тармақшасының үшінші абзацындағы «Кеден одағы Комиссиясының 2010 жылғы 18 маусымдағы № 289» деген сөздер «Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2023 жылғы 30 мамырдағы № 73» деген сөздермен ауыстырылсын.