Астық қолхаттарын ұстаушылардың мемлекеттік электрондық тізіліміне деректерді берудің нысандарын, көлемін және мерзімділігін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2016 жылғы 30 маусымдағы № 288 бұйрығы
Осы редакция 2026 жылғы 24 маусымда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Астық туралы» 2001 жылғы 19 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 12-2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған:
1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінен астық қабылдау кәсіпорындарына тіркелген жер учаскелері бойынша деректерді астық қолхаттарын ұстаушылардың мемлекеттік электрондық тізіліміне беру нысаны мен көлемі;
2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінен астық қабылдау кәсіпорындарына тіркелген жер учаскелері бойынша деректерді астық қолхаттарын ұстаушылардың мемлекеттік электрондық тізіліміне беру мерзімділігі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарына және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін бес жұмыс күні ішінде Республикалық құқықтық ақпарат орталығына жіберілуін;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.