ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026.04.03. № 83 бұйрығымен 4-қосымшамен толықтырылды (2026 ж. 23 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
Қазақстан Республикасы
Өнеркәсіп және құрылыс министрінің
2025 жылғы 26 тамыздағы
№ 316 бұйрығына
4-қосымша
КӘСІПТІК СТАНДАРТ
«Балқытылатын үлгілер бойынша құю»
(2026.23.03. берілген толықтыруларымен)
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Кәсіби стандарттың қолданылу саласы: «Балқытылатын үлгілер бойынша құю» кәсіби стандарты (бұдан әрі - кәсіби стандарт) Қазақстан Республикасының «Кәсіби біліктіліктер туралы» Заңының 5-бабының 5-тармағына сәйкес кәсіпорындарда персоналды оқыту, қызметкерлер мен білім беру ұйымдары түлектерінің кәсіби біліктілігін тану, сондай-ақ ұйымдар мен кәсіпорындарда персоналды басқару саласындағы кең ауқымды міндеттерді шешу мақсатында әзірленген және металдарды құю саласында қолданылады.
2. Осы кәсіби стандартта мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:
1) құю үлгісі - құю қалыпта құйманың конфигурациясына сәйкес келетін таңбаны (бедерді) қалыптастыруға арналған үлгі;
2) металдарды қысыммен құю - балқыманы жоғары қысыммен (7-ден 700 МПа-ға дейін) пресс-қалыпқа жылдам айдау арқылы құйма дайындау тәсілі;
3) балқытылатын үлгі - керамикалық құю қалыптарын қалыптастыруға арналған бір реттік құю үлгісі. Құю қалыптан балқытылған күйінде алынып тасталады, сондықтан 50-60 °C температурада балқитын жеңіл балқитын материалдардан (парафин, стеарин және басқа да заттар) дайындалады;
4) балқытылатын үлгілер бойынша құю - балқытылатын үлгі бойынша дайындалған құю қалыптарына металл құю арқылы жүзеге асырылатын құю әдісі;
5) балқытылатын үлгі бойынша қалыптау - құю қалыптары балқытылатын құю үлгісін сұйық байланыстырушы қоспаға батыру, отқа төзімді материалмен себу және қатаю (беріктену) арқылы қалыптастырылатын үлгі бойынша қалыптау түрі;