Алматы облысы әкімдігінің 2018 жылғы 7 ақпандағы № 53 Қаулысымен күші жойылды
Алматы облысы әкімдігінің
2015 жылғы 28 шілдедегі
№ 332 қаулысымен бекітілген
«Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға бекіту»
мемлекеттік көрсетілетін қызмет регламенті
1. Жалпы ережелер
1. «Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететiн медициналық ұйымға бекіту» мемлекеттiк көрсетілетін қызмет (бұдан әрі - мемлекеттік көрсетілетін қызмет) медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымдар (бұдан әрі - көрсетілетін қызметті беруші) көрсетеді, сондай-ақ www.egov.kz «электрондық үкімет» веб-порталы (бұдан әрі - портал) арқылы көрсетіледі.
Мемлекеттік көрсетілетін қызмет Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрінің 2015 жылғы 27 сәуірдегі «Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын бекіту туралы» № 272 бұйрығы негізінде ұсынылады (бұдан әрі-Стандарт).
2. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтің нысаны: электрондық (ішінара автоматтандырылған) және (немесе) қағаз түрінде.
3. Мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижесі - тіркеу туралы қағаз түріндегі (еркін нысанда) немесе Стандарттың 1-қосымшасына сәйкес көрсетілетін қызметті берушінің электрондық сандық қолтаңбасы (бұдан әрі-ЭЦҚ) қойылған электрондық құжат нысанындағы анықтама (талон).
2. Мемлекеттiк қызмет көрсету процесінде құрылымдық бөлімшелер
(қызметкерлер) мен көрсетілетін қызметті берушінің іс-қимыл
тәртiбiн сипаттау
4. Көрсетілетін қызметті алушының (не сенімхат бойынша оның өкілінің) Стандарттың 9-тармағына сәйкес құжаттар топтамасымен бірге жүгінуі, мемлекеттік қызмет көрсету бойынша рәсімді (іс-қимылды) бастауға негіздеме болып табылады.
5. Мемлекеттiк қызмет көрсету процесінің құрамына кіретін әрбір рәсімнің (іс-қимылдың) мазмұны, оны орындаудың ұзақтығы осы регламенттің 2-қосымшасында келтірілген.