Шығыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бекіту туралы
Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2020 жылғы 9 қазандағы № 42/477-VI шешімі
Осы редакция 2022 жылғы 5 мамырда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 6-бабының 2-2-тармағына сәйкес Шығыс Қазақстан облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Қоса беріліп отырған Шығыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидалары бекітілсін.
2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Сессия төрағасы | А. Анчугин |
| Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы | В. Головатюк |
Шығыс Қазақстан
облыстық мәслихатының
2020 жылғы 9 қазандағы
№ 42/477-VI шешімімен
бекітілді
Шығыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы жануарларын жаю
қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Шығыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Заңының 7-бабы 2-тармағының 12-14) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 29 сәуірдегі № 145 «Ауыл шаруашылығы жануарларын жаюдың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20540 болып тіркелген) бұйрығына сәйкес әзірленді және ауыл шаруашылығы жануарларын жаю тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) ауыл шаруашылығы жануарлары - адам өсіретін, ауыл шаруашылығы өндірісіне тікелей қатысы бар жануарлардың барлық түрлері;
2) ауыл шаруашылығы жануарларының иелері - меншік, шаруашылық жүргізу құқығындағы, жедел басқарудағы немесе басқа да заңды негізінде ауыл шаруашылығы жануарлары бар заңды немесе жеке тұлғалар;