«Ғылыми тағылымдамадан өтуді іске асыру жөніндегі кейбір шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2022 жылғы 26 желтоқсандағы № 214 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 26 сәуірдегі № 181 бұйрығы
Осы редакция 2023 жылғы 7 маусымда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 65-бабы 3-тармағына сәйкес және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 5 қазандағы № 791 қаулысымен бекітілген Үміткерлерді іріктеу және ғылыми тағылымдамадан өту қағидаларын іске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
1. «Ғылыми тағылымдамадан өтуді іске асыру жөніндегі кейбір шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2022 жылғы 26 желтоқсандағы № 214 бұйрығына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
мынадай мазмұндағы 1-тармақтың 4) тармақшасымен толықтырылсын:
«4) осы бұйрықтың 4-қосымшасына сәйкес сараптама комиссиясының құрамы бекітілсін.»;
осы бұйрықтың қосымшасына сәйкес 4-қосымшамен толықтырылсын;
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Сараптамалық комиссияның жұмысын ұйымдастыру қағидаларында:
5, 6 және 7-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Комиссияны Комиссия төрағасы басқарады. Комиссия төрағасы Комиссияға жалпы басшылықты жүзеге асырады, оның жұмысын ұйымдастырады, Комиссия мүшелерінің қызметін үйлестіруді қамтамасыз етеді және Қазақстан Республикасының заңнамасына және осы Қағидаларына сәйкес оның шешімдерін іске асыруға жалпы бақылауды жүзеге асырады. Комиссия төрағасы болмаған жағдайда, оның функцияларын төрағаның орынбасары атқарады. Жұмыс органы Комиссия құрамын бекітеді.