ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026.04.03. № 83 бұйрығымен 6-қосымшамен толықтырылды (2026 ж. 23 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
Қазақстан Республикасы
Өнеркәсіп және құрылыс министрінің
2025 жылғы 26 тамыздағы
№ 316 бұйрығына
6-қосымша
КӘСІПТІК СТАНДАРТ
«Шойын өндіру»
(2026.23.03. берілген толықтыруларымен)
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Кәсіби стандарттың қолданылу саласы: «Шойын өндіру» кәсіби стандарты (бұдан әрі - кәсіби стандарт) Қазақстан Республикасының «Кәсіби біліктіліктер туралы» Заңының 5-бабының 5-тармағына сәйкес кәсіпорындарда персоналды оқыту, қызметкерлер мен білім беру ұйымдары түлектерінің кәсіби біліктілігін тану, сондай-ақ ұйымдар мен кәсіпорындарда персоналды басқару саласындағы кең ауқымды міндеттерді шешу мақсатында әзірленген және шойын өндіру саласында қолданылады.
2. Осы кәсіби стандартта мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:
1) біліктілік - еңбек нарығы, әрі қарай білім алу және оқыту үшін меңгерілген білімнің, дағдылар мен құзыреттердің құндылығын тану, сондай-ақ еңбек қызметін жүзеге асыруға құқық беру;
2) біліктілік деңгейі /біліктілік деңгейшесі - қызметкерлердің білімдеріне, дағдыларына және кең ауқымды құзыреттеріне қойылатын, еңбек әрекеттерінің күрделілігі, стандарттан тыс болуы, жауапкершілік пен дербестік параметрлері бойынша сараланатын жинақталған талаптар;
3) ұлттық біліктілік шеңбері (ҰБШ) - еңбек нарығында танылатын біліктілік деңгейлерінің құрылымдалған сипаттамасы;
4) ұлттық біліктілік жүйесі (ҰБЖ) - экономиканың салалары, еңбек нарығы және кәсіптік білім беру мен оқыту жүйесінің өзара байланысын қамтамасыз ететін, біліктіліктерге сұраныс пен ұсынысты реттейтін құқықтық және институционалдық реттеушілердің тұтас кешені;
5) салалық біліктілік шеңбері (СБШ) - ұлттық біліктілік жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылатын, салада танылатын біліктілік деңгейлерінің сараланған рамалық құрылымы;