Ішкі және аралас «өзен-теңіз» суларында жүзетін кемелерді сыныптау қағидасын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің м.а. 2011 жылғы 21 сәуірдегі № 213 бұйрығы
Осы редакция 2016 жылғы 31 мамырда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Ішкі су көлігі туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 6 шілдедегі Заңының 9-бабының 1-тармағының 10) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған «Ішкі және аралас «өзен-теңіз» суларында жүзетін кемелерді сыныптау қағидасы бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Көлік және қатынас жолдары комитеті (Н.И. Қилыбай) белгіленген заңнамалық тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне осы бұйрықты мемлекеттік тіркеу үшін ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация вице-министрі Е.С. Дүйсенбаевқа жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғаннан кейін 2011 жылғы 9 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
| Министрдің міндетін атқарушы | Е. Дүйсенбаев |
Қазақстан Республикасы
Көлік және коммуникация
министрінің міндетін
атқарушының
2011 жылғы 21 сәуірдегі
№ 213 бұйрығымен бекітілген
Ішкі және аралас «өзен-теңіз» суларында жүзетін кемелерді сыныптау
қағидасы
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ішкі және аралас «өзен-теңіз» суларында жүзетін кемелерді сыныптау қағидасы (бұдан әрі - Қағида) «Ішкі су көлігі туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 6 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленген және Кеме қатынасы тіркелімімен (бұдан әрі - Кеме қатынасының тіркелімі) ішкі және аралас «өзен-теңіз» суларында жүзетін кемелерді сыныптауды (бұдан әрі - сыныптау қызметі) жүзеге асыру тәртібін анықтайды.