Жекеше нотариустардың азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру туралы
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 11 маусымдағы № 435-II Заңы
(2014.03.07. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2015 жылғы 27 сәуірде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Түпнұсқада мазмұны жоқ
Осы Заң жекеше нотариустардың азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыруға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейдi және оны жүргiзудiң құқықтық, экономикалық және ұйымдық негiздерiн белгiлейдi.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) пайда алушы - осы Заңға сәйкес сақтандыру төлемiн алушы болып табылатын тұлға;
2) жекеше нотариустың азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгi - жекеше нотариустың нотариаттық iс-әрекеттердi жасаудың нәтижесiнде келтiрiлген зиянды өтеуiнiң Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген мiндетi;
3) сақтанушы - сақтандырушымен жекеше нотариустың азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын жасасқан жекеше нотариус;
4) сақтандыру төлемi - сақтандырушы сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушыға (пайда алушыға) сақтандыру сомасы шегiнде төлейтiн ақша сомасы;
5) сақтандыру сыйлықақысы - сақтанушы сақтандырушыға соңғысы жекеше нотариустың азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартында белгiленген мөлшерде пайда алушыға сақтандыру төлемін жасауға мiндеттемелер қабылдағаны үшiн төлеуге мiндеттi ақша сомасы;
6) сақтандыру сомасы - сақтандыру объектiсi сақтандырылған және сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандырушы жауапкершiлiгiнiң шектi көлемiн бiлдiретiн ақша сомасы;