ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ
ЖАРЛЫҒЫ
Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2020 - 2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы
ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2020 - 2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама) бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі үш ай мерзімде Тұжырымдаманы іске асыру жөнінде шаралар қабылдасын.
3. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
4. «Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2014 - 2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 21 қаңтардағы № 741 Жарлығының күші жойылды деп танылсын.
5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының Президенті | Қ. ТОҚАЕВ |
Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2020 жылғы 6 наурыз
№ 280
Қазақстан Республикасы Президентінің
2020 жылғы 6 наурыздағы
№ 280 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН
Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2020-2030 жылдарға арналған
тұжырымдамасы
1-тарау. Ағымдағы жағдайды талдау
Қазіргі халықаралық қатынастар жүйесі күрделі өзгеріске ұшырауда, оның басты белгілері:
сенім дағдарысы және қақтығыстылықтың артуы, оның ішінде қауіпсіздік пен диалог бойынша көпжақты институттар функционалдығының төмендеуі, алдын алу дипломатиясы және дауларды реттеу тетіктері тиімділігінің төмендігі салдарынан болуы;
халықаралық құқықтың негіз қалаушы қағидаттардың бұзылуы, әлемдік деңгейде екі негізгі үрдістің - жаһандану мен ұлтшылдықтың бетпе-бет келуі, бұл шағын және орта мемлекеттерге елеулі қауіп төндіреді;
қауіпсіздікке төнетін терроризм, экстремизм, жаппай қарулану, оның ішінде зымырандық, ядролық және ғарыштық қару, климаттың өзгеруі және т.б. сияқты дәстүрлі сын-тегеуріндер мен қатерлердің өршуі;