«Агроөнеркәсіптік кешендегі үздік кәсіп иесі» конкурсын өткізу қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 21 мамырдағы № 179 бұйрығы
«Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» 2005 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 1-тармағы 34) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған «Агроөнеркәсіптік кешендегі үздік кәсіп иесі» конкурсын өткізу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Стратегиялық жоспарлау және талдау департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрықтың облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының жергілікті атқарушы органдарының назарына жеткізілуін қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік 10 (он) күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі | С. Омаров |
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2020 жылғы 21 мамырдағы
№ 179 бұйрығымен бекітілген
«Агроөнеркәсіптік кешендегі үздік кәсіп иесі» конкурсын өткізу
қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы «Агроөнеркәсіптік кешендегі үздік кәсіп иесі» конкурсын өткізу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» 2005 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 1-тармағы 34-тармақшасына сәйкес әзірленді және «Агроөнеркәсіптік кешендегі үздік кәсіп иесі» конкурсын (бұдан әрі -Конкурс) өткізу тәртібін айқындайды.