Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 19 қаңтардағы № 34 бұйрығы
Осы редакция 2017 жылғы 31 наурызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Азаматтық қорғау туралы» 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабы 1-тармағының 70-4) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті (В.В. Петров) заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оны мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жолдауды;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары В.К. Божкоға жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Министр полиция генерал-лейтенанты | Қ. Қасымов |
Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2015 жылғы 19 қаңтардағы
№ 34 бұйрығымен
бекітілді
Су айдындарындағы қауіпсіздік
қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының су айдындарын пайдалану кезінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) су айдындары - өзендер және оларға теңестірілген арналар, көлдер, су қоймалары, тоғандар мен басқа да ішкі су айдындары, аумақтық сулар;
2) құтқару бекеті - құтқарушылармен жасақталған, құтқару жабдығымен жарақталған, су айдындарында адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі функцияларды орындайтын, заңды және жеке тұлғалар құратын акваторияның нақты учаскесіндегі бекет;