Электрондық мемлекеттік сатып алуды жүргізу қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 23 маусымдағы № 378 бұйрығы
ҚР Қаржы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы № 648 бұйрығымен күші жойылды
«Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңы 14-бабының 15) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Электрондық мемлекеттік сатып алуды жүргізу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік сатып алу заңнамасы департаменті (С. М. Ахметов) заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оны мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2015 жылғы 23 маусымдағы
№ 378 бұйрығымен бекітілген
Электрондық мемлекеттік сатып алуды жүргізу
қағидалары
Осы Электрондық мемлекеттік сатып алуды жүргізу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Мемлекеттік сатып алу туралы» 2007 жылғы 21 шілдеде Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң), Қазақстан Республикасының «Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы» 2003 жылғы 7 қаңтардағы, «Ақпараттандыру туралы» 2007 жылғы 11 қаңтардағы заңдарына сәйкес әзірленді және электрондық мемлекеттік сатып алуды жүргізу тәртібін айқындайды.
Қағидалар мемлекеттік сатып алуды конкурс тәсілімен жүзеге асырудың ерекше және арнайы тәртіптеріне, сондай-ақ Заңда көзделген қорғаныс қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың ерекше тәртібіне сәйкес жүзеге асырылатын мемлекеттік сатып алуға қолданылмайды.