Қазақстан Республикасы
Ғылым және жоғары білім министрінің
2022 жылғы 20 шілдедегі
№ 2 бұйрығына 1-қосымша
Осы редакция 2023 жылғы 19 қаңтарда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Жоғары білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті
стандарты
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы жоғары білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты (бұдан әрі – МЖБС) «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 5-бабының 5-1) тармақшасына және 56-бабына сәйкес әзірленді және меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарындағы (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ), оның ішінде әскери арнаулы оқу орындарындағы (бұдан әрі – ӘАОО) оқыту нәтижелеріне бағдарлана отырып, білімнің мазмұнына, білім алушылардың оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне, білім алушылардың даярлық деңгейіне және оқу мерзіміне қойылатын талаптарды айқындайды.
2. МЖМС-да мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:
1) ӘАОО-дағы біліктілік сипаттамалары – Қазақстан Республикасы Қорғаныс саласында және тиісті лауазымда кәсіптік қызметті тиімді жүзеге асыру үшін қажетті білім, іскерлік және дағды;
2) ӘАОО-дағы кәсіби құзыреттер – ұлттық қауіпсіздік жүйесінде кәсіби қызметті және құқық қорғау органдарында тиісті лауазымда кәсіби қызметті тиімді жүзеге асыру үшін қажетті білім, іскерлік және дағды;
3) бакалавриат – кемінде 240 академиялық кредит міндетті түрде меңгерілетін тиісті білім беру бағдарламасы бойынша «бакалавр» дәрежесін бере отырып, кадрлар даярлауға бағытталған жоғары білім деңгейі;
4) дескрипторлар (descriptors (дэскрипторс)) – білім алушылардың жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің құзыреттіліктерде және академиялық кредиттерде қалыптасқан оқыту нәтижелеріне негізделетін тиісті деңгейінің (сатысының) білім беру бағдарламасын оқып аяқтауы бойынша алған білім, іскерлік, дағды және құзыреттілік деңгейі мен көлемінің сипаттамасы;