«Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 23 шілдедегі № 317 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 3 қазандағы № 361 бұйрығы
БҰЙЫРАМЫН:
1. «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 23 шілдедегі № 317 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17320 болып тіркелген, 2018 жылғы 6 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Инвестициялық саясат департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарына ресми жариялауға жіберілуін;
3) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| «КЕЛІСІЛДІ» Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі | «КЕЛІСІЛДІ» Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі |