Индекстік бағалауды жүргізу қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2023 жылғы 5 мамырдағы № 176 бұйрығы
«Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабы 4-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Индекстік бағалау жүргізу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы | Ә. Тамабек |
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы
министрінің міндетін атқарушы
2023 жылғы 5 мамырдағы
№ 176 бұйрығымен
бекітілген
Индекстік бағалау жүргізу
қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Индекстік бағалау жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 4-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және индекстік бағалау жүргізу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) асыл тұқымдық құндылық – асыл тұқымды жануардың селекцияланатын белгілерінің деңгейі және оларды ұрпағына беру мүмкіндігі;
2) асыл тұқымдық орталық – асыл тұқымды тұқымдық жануарларды күтіп-ұстау жөніндегі қызметтің басталғаны (тоқтатылғаны) туралы уәкілетті органды хабардар еткен, асыл тұқымды тұқымдық жануарлардың ұрығын, эмбриондарды алумен, жинақтаумен, сатып алумен, сақтаумен және өткізумен айналысатын заңды тұлға;