«Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының кейбір мәселелері туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 28 қазандағы № 713 Қаулысы
Осы редакция 2021 жылғы 14 тамызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» 2019 жылғы 3 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған:
1) «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы туралы ереже;
2) «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының жұмыс істеуінің нысаналы индикаторлары бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | А. Мамин |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2020 жылғы 28 қазандағы
№ 713 қаулысымен
бекітілген
«Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы туралы
ереже
1. Жалпы ережелер
1. «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы (бұдан әрі - АЭА) қоса беріліп отырған жоспарға сәйкес Жамбыл облысы Шу ауданы шекарасы аумағында орналасқан.
АЭА аумағы 505 гектарды құрайды және Қазақстан Республикасы аумағының ажырамас бөлігі болып табылады.
2. АЭА инвестициялар тарту және тиімділігі жоғары, оның ішінде жоғары технологиялық және бәсекеге қабілетті өндірістер құру, өнімнің жаңа түрлерін шығаруды игеру жолымен Жамбыл облысын дамыту мақсатында құрылады.
3. АЭА-ның қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясымен, «Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» 2019 жылғы 3 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңымен (бұдан әрі - Заң), осы Ережемен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі.