Қарсы салықтық тексеруді тағайындау қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 30 қыркүйектегі № 548 бұйрығы
Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 157-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Қарсы салықтық тексеруді тағайындау қағидалары бекітілсін.
2. Осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшасында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрық 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
| Қазақстан Республикасының Қаржы министрі | М. Такиев |
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
2025 жылғы 30 қыркүйектегі
№ 548 бұйрыққа 1 қосымша
Қарсы салықтық тексеруді тағайындау
қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қарсы салықтық тексеруді тағайындау қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасы Салық кодексінің (бұдан әрі - Салық кодексі) 157-бабының 2 тармағына сәйкес әзірленді және қарсы салықтық тексеруді тағайындау тәртібін айқындайды.