Гранттар беру мен олардың іске асырылуын мониторингтеу қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің м.а. 2024 жылғы 29 қазандағы № 499-НҚ бұйрығы
«Масс-медиа туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 33-бабының 6-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Гранттар беру мен олардың іске асырылуын мониторингтеу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
| Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің міндетін атқарушы | К. Искаков |
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
Қазақстан Республикасы
Мәдениет және ақпарат
министрінің міндетін атқарушы
2024 жылғы 29 қазандағы
№ 499-НҚ бұйрығымен
бекітілген
Гранттар беру мен олардың іске асырылуын мониторингтеу
қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Гранттар беру мен олардың іске асырылуын мониторингтеу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Масс-медиа туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі - Заң) 33-бабының 6-тармағына сәйкес әзірленді және гранттар беру мен олардың іске асырылуын мониторингтеу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) бұқаралық ақпарат құралы - мерзімді баспасөз басылымы, теле-, радиоарна, интернет-басылым;