ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ
ЖАРЛЫҒЫ
Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіту туралы
(2024.03.01. берілген өзгерістермен)
Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 14 құыркүйектегі № 413 Жарлығымен бекітілген Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпы ұлттық іс-шаралар жоспарының 141-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Жарлықтан туындайтын шараларды қабылдасын.
3. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының Президенті | Қ. ТОҚАЕВ |
Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2021 жылғы 18 тамыз
№ 639
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2021 жылғы 18 тамыздағы
№ 639 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН
Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі
ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ
1-бөлім. Ағымдағы жағдайды талдау
Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқарудың өзіндік моделі қалыптасты және даму үстінде, ол мыналарға:
1) өңірлік, жергілікті өкілді және атқарушы билік органдарының мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару функциялары мен өкілеттіктерін қоса атқаруына;
2) азаматтардың жергілікті қоғамдастық мүшелері ретінде жергілікті маңызы бар анағұрлым маңызды мәселелерді шешуге тікелей немесе сайланбалы органдар арқылы қатысуына негізделген.