Сәйкестікті бағалау қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрі міндетін атқарушының 2021 жылғы 29 маусымдағы № 433-НҚ бұйрығы
(2024.09.07. берілген өзгерістермен)
Осы редакция 2024 жылғы 9 қазанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Техникалық реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Сәйкестікті бағалау қағидалары осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес бекітілсін.
2. Осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес кейбір бұйрықтардың күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
| Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы | Е. Қазанбаев |
Қазақстан Республикасы
Сауда және интеграция
министрі міндетін атқарушының
2021 жылғы 29 маусымдағы
№ 433-НҚ бұйрығына
1-қосымша
Сәйкестікті бағалау қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Сәйкестікті бағалау қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Техникалық реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 7-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және сәйкестікті бағалау тәртібін айқындайды.
Осы Қағидалар өнімдердің, көрсетілетін қызметтер мен процестердің Қазақстан Республикасының техникалық регламенттерінде, стандарттау жөніндегі құжаттарда және (немесе) өтініш берушінің талаптарымен белгіленген сәйкестігін бағалау кезінде қолданылады.
Осы Қағидалар сәйкестікті міндетті және ерікті растау кезінде қолданылады.