Қаржылық тұрақтылық коэффициенттерін есептеу және сыныптардың шекараларын айқындау қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2020 жылғы 9 сәуірдегі № 372 бұйрығы
«Оңалту және банкроттық туралы» 2014 жылғы 7 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 49-1-бабы 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Қаржылық тұрақтылық коэффициенттерін есептеу және сыныптардың шекараларын айқындау қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші Орынбасары- Қаржы министрі | А. Смаилов |
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
Бірінші орынбасары-
Қаржы министрінің
2020 жылғы 9 сәуірдегі
№ 372 бұйрығына
қосымша
Қаржылық тұрақтылық коэффициенттерін есептеу және сыныптардың шекараларын айқындау
қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қаржылық тұрақтылық коэффициенттерін есептеу және сыныптардың шекараларын айқындау қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Оңалту және банкроттық туралы» 2014 жылғы 7 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 49-1-бабы 3-тармағына сәйкес әзірленді және қаржылық тұрақтылық коэффициенттерін есептеу және сыныптардың шекараларын айқындау тәртібін айқындайды.