Тұрақты жұмыс істейтін референциялы станцияларды орнату қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 14 наурыздағы № 91/НҚ бұйрығы
«Геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 25) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Тұрақты жұмыс істейтін референциялы станцияларды орнату қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Геодезия және картография комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі | Б. Мусин |
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Қорғаныс министрлігі
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Ұлттық қауіпсіздік комитеті
Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш
өнеркәсібі министрі
2023 жылғы 14 наурыздағы
№ 91/НҚ бұйрыққа
қосымша
Тұрақты жұмыс істейтін референциялы станцияларды орнату
қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Тұрақты жұмыс істейтін референциялы станцияларды орнату қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында әзірленді және Қазақстан Республикасында тұрақты жұмыс істейтін референциялы станцияларды орнатуға қойылатын бірыңғай талаптарды қамтиды.