Борышкерлердің бірыңғай тізілімін жүргізу қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2026 жылғы 10 тамыздағы № 767 бұйрығы
«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса берілген Борышкерлердің бірыңғай тізілімін жүргізу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Мәжбүрлеп орындату комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Әділет вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2026 жылғы 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.
| Қазақстан Республикасы Әділет министрі | Е. Сарсембаев |
Қазақстан Республикасы
Әділет министрі
2026 жылғы 10 тамыздағы
№ 767 бұйрығымен бекітілген
Борышкерлердің бірыңғай тізілімін жүргізу
қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Борышкерлердің бірыңғай тізілімін жүргізу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленді және Борышкерлердің бірыңғай тізілімін жүргізу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда келесідей ұғымдар пайдаланылады:
1) атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған цифрлық жүйесі (бұдан әрі - Цифрлық жүйе) - атқарушылық іс жүргізуді есепке алуды электрондық нысанда жүзеге асыруға, сот орындаушысының процестік әрекеттерін автоматтандыруға, сондай-ақ атқарушылық іс жүргізу тараптарының атқарушылық іс жүргізу барысында деректер алуына арналған цифрлық жүйе;
2) аумақтық орган - астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, сондай-ақ аудандар мен қалалардың аумақтық әділет органдары;