Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2018 жылғы 31 қазандағы
№ 604 бұйрығына
5-қосымша
ҚР Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 бұйрығымен күші жойылды
ҚР Білім және ғылым министрінің м.а. 2021.23.07. № 362 бұйрығымен 5-қосымша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
Техникалық және кәсіптік білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті
стандарты
(2021.23.07. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы техникалық және кәсіптік білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты (бұдан әрі - МЖБС) «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 5-1) тармақшасына және 56-бабына сәйкес әзірленді және оқыту нәтижелеріне бағдарланған білім беру мазмұнына, оқу жүктемесінің ең жоғарғы көлеміне, білім алушылардың даярлық деңгейіне, техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламалары (бұдан әрі - ТжКБ білім беру бағдарламалары) бойынша оқыту мерзіміне қойылатын талаптарды айқындайды.
Осы МЖБС-ны меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан ТжКБ-ның білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары (бұдан әрі - ТжКБ ұйымдары), оның ішінде әскери, арнаулы оқу орындары (бұдан әрі - ӘАОО) және ТжКБ білім беру бағдарламаларын әзірлеушілер қолданады.
2. МЖБС-да келесі терминдер мен анықтамалар қолданылады:
1) ӘАОО-ның компоненті - білім беру бағдарламасын меңгеру үшін ӘАОО өз бетінше айқындайтын оқу пәндердiң тізбесі мен академиялық кредиттердiң тиiстi ең аз көлемi;
2) әскери тағылымдама - болашақ кәсіби қызметпен байланысты функционалдық міндеттерді орындау процесінде теориялық білімді, білікті бекітуге, практикалық дағдылар мен құзыреттерді игеруге және дамытуға бағытталған әскери, арнаулы оқу орындарындағы оқу қызметінің түрі.
3) базалық құзырет - білім алушының жеке, әлеуметтік және кәсіби қызметіне қажетті білімнің, біліктің және дағдылардың жиынтығы;