Астанада жолаушыларды және жүкті автомобиль көлігімен тасымалдау ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 8 қарашадағы № 1061 Қаулысы
(2015.02.04. берілген өзгерістермен)
Осы редакция 2022 жылғы 28 қыркүйекте енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңының 6-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Астанада жолаушыларды және жүкті автомобиль көлігімен тасымалдау ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К.Мәсімов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2007 жылғы 8 қарашадағы
№1061 қаулысымен
бекітілген
Астанада жолаушыларды және жүкті автомобиль
көлігімен тасымалдау
ережесі
Жалпы ережелер
1. Осы Астанада жолаушыларды және жүкті автомобиль көлігімен тасымалдау ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының астанасында жолаушыларды және жүкті автомобиль көлігімен тасымалдауды ұйымдастыру мен жүзеге асыру тәртібін белгілейді.
2. Ереже Қазақстан Республикасы астанасының аумағында қолданылады.
3. Ережеде пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
жүк - буып-түйілген және осы Ережеде белгіленген нормалар шегінде автобуста, сондай-ақ тасымалдаушымен қосымша келісім негізінде таксиде тасымалданатын жолаушы мүлкі;
билет - жолаушының жол жүруді жүзеге асыру құқығын куәландыратын және жолаушыны автомобильмен тасымалдау шартының жасалғанын растайтын құжат;
борт журналы - оған автокөлік құралының рейс алдындағы техникалық тексеруден және жүргізушінің рейс алдындағы (ауысым алдындағы) медициналық тексеруден өткені туралы белгілер қойылатын, автокөлік құралында болатын, нөмірленген және тігілген журнал;
жол полициясы - астанада жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы арнайы функцияларды жүзеге асыратын аумақтық ішкі істер органы;