Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 қыркүйектегі № 984 Қаулысы
Осы редакция 2015 жылғы 24 маусымда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы 37-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) бекітілсін.
2. Осы қаулы 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін Қағидалардың 3-бөлімін қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | С. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 18 қыркүйектегі
№ 984 қаулысымен
бекітілген
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы
қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленді және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен салымшылардың (алушылардың) арасындағы құқықтық қатынастардың ерекшеліктерін белгілейді.
2. Салымшылар (алушылар) Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (бұдан әрі - БЖЗҚ) зейнетақы жарналарын Заңда айқындалатын мөлшерлемелер бойынша төлеуге тиiс.
3. Зейнетақы жарналары Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында төленедi. Мiндеттi зейнетақы жарналарын басқа адамдардың пайдасына төлеуге болмайды.