Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі құқықтық саясат тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 29 сәуірдегі № 264 Қаулысы
Осы редакция 2022 жылғы 4 қарашада енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Қазақстан Республикасының құқықтық саясатының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 15 қазандағы № 674 Жарлығының 4-тармағын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі құқықтық саясат тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары (бұдан әрі – Іс-қимыл жоспары) бекітілсін.
2. Іс-қимыл жоспарын орындауға жауапты орталық және жергілікті атқарушы органдар, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын жəне есеп беретін мемлекеттік органдар (келісу бойынша), сондай-ақ мүдделі ұйымдар (келісу бойынша):
1) Іс-қимыл жоспарын іске асыру жөнінде шаралар қабылдасын;
2) есепті кезеңнен кейінгі жылдың 15 сәуіріне дейін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне Іс-қимыл жоспарының іске асырылуы туралы есеп ұсынып отырсын.
3. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі есепті кезеңнен кейінгі жылдың 1 мамырына дейін мемлекеттік және стратегиялық жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдарға Іс-қимыл жоспарының іске асырылуы туралы есеп ұсынып отырсын, сондай-ақ бірінші басшының қолын қойғызып, оны (қолжетімділігі шектеулі ақпаратты қоспағанда) интернет-ресурста орналастырсын.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі есепті кезеңнен кейінгі 1 маусымға дейін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесіне Іс-қимыл жоспарының іске асырылуы туралы жиынтық есеп пен жиынтық қорытындының жобасын ұсынып отырсын.
5. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі есепті кезеңнен кейінгі жылдың 20 маусымына дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне Іс-қимыл жоспарының іске асырылуы туралы жиынтық есеп пен қорытынды ұсынып отырсын.