Жерге мониторинг жүргізу жөніндегі әдістемені бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2022 жылғы 10 тамыздағы № 250 бұйрығы
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 14-бабы 1-тармағының 4-6) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Жерге мониторинг жүргізу жөніндегі әдістеме бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі | Е. Карашукеев |
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасы
Цифрлық даму, инновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі
Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрі
2022 жылғы 10 тамыздағы
№ 250 бұйрығымен бекітілген
Жерге мониторинг жүргізу жөніндегі
әдістеме
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Жерге мониторинг жүргізу жөніндегі әдістеме (бұдан әрі – Әдістеме) Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 14-бабы 1-тармағының 4-6) тармақшасына сәйкес әзірленді және жерге мониторинг жүргізу кезінде қолданылады.
2. Осы Әдістемеде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) жартылай стационарлық пункт – 5, 10 және одан да көп жыл аралықпен мерзімді (10 жылдан астам мерзімге) байқаулар үшін нақты жағдайлар мен мақсаттарға байланысты ұйымдастырылатын жер учаскесі;
2) конверт әдісі – алаңқайда жабық конверт түрінде орналасқан 5 топырақ сынамасы алынатын әдіс;
3) негізгі учаске – өсімдіктер мен топырақтың құрамы мен сипатын, олардың белгілі бір ландшафттың табиғи жағдайларымен байланысын қажетті дұрыстықпен көрсететін жергілікті жердің әдеттегі учаскесі;