Әлеуметтік жәрдемақы тағайындау және төлеу, сондай-ақ оның мөлшерін айқындау ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 28 желтоқсандағы № 1339 Қаулысы
(2012.01.06. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2015 жылғы 2 шілдеде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақыны тағайындау және төлеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 наурыздағы № 176 бұйрығын қараңыз
Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 15 мамырдағы Еңбек кодексінің 159-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Әлеуметтік жәрдемақы тағайындау және төлеу, сондай-ақ оның мөлшерін айқындау ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
| Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 28 желтоқсандағы
№ 1339 қаулысымен
бекітілген
Әлеуметтік жәрдемақы тағайындау және төлеу, сондай-ақ оның мөлшерін айқындау
ережесі
1. Осы Әлеуметтік жәрдемақы тағайындау және төлеу, сондай-ақ оның мөлшерін айқындау ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 15 мамырдағы Еңбек кодексінің 159-бабына сәйкес әзірленді.
2. Осы Ереже жұмыс берушінің қаражаты есебінен уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша әлеуметтік жәрдемақы (бұдан әрі - жәрдемақы) тағайындаудың және төлеудің тәртібі мен оның мөлшерін айқындайды.
3. Жәрдемақы заңнамада көзделген еңбекке уақытша жарамсыздық жағдайларында еңбекке уақытша жарамсыздық фактісін куәландыратын тиісті құжаттарды ұсынғаннан кейін тағайындалады және төленеді.