Блоктық бюджеттеуді іске асыру (ендіру) қағидаларын және блоктық бюджеттеуге қатысатын мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың тізбесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 8 тамыздағы № 602 Қаулысы
Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 170-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған:
1) Блоктық бюджеттеуді іске асыру (ендіру) қағидалары;
2) блоктық бюджеттеуге қатысатын мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың тізбесі бекітілсін.
2. «Пилоттық жоба шеңберінде блоктық бюджетті енгізу, оның жұмыс істеу қағидаларын бекіту және блоктық бюджетті пайдаланатын мемлекеттік органдар тізбесін айқындау туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 18 қыркүйектегі № 761 қаулысының күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2027 жылғы 31 желтоқсанды қамтитын мерзімге дейін қолданылады.
| Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | О. Бектенов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2025 жылғы 8 тамыздағы
№ 602 қаулысымен
бекітілген
Блоктық бюджеттеуді іске асыру (ендіру)
қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Блоктық бюджеттеуді іске асыру (ендіру) қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің (бұдан әрі - Бюджет кодексі) 170-бабына сәйкес әзірленді және осы қаулымен бекітілген тізбеге (бұдан әрі - тізбе) сәйкес пилоттық жоба шеңберінде блоктық бюджеттеуге (бұдан әрі - пилоттық жоба) қатысатын мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар үшін блоктық бюджеттеуді іске асырудың (ендірудің) бюджеттік рәсімдерінің тәртібін айқындайды.
2. Пилоттық жобаға қатысатын бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне қатысты 2025 - 2027 жылдарға арналған бюджеттерді қалыптастыру және атқару осы Қағидалардың ережелерін ескере отырып жүзеге асырылады.
3. Блоктық бюджеттің бюджеттік рәсімдерін бұзған кінәлі тұлғаларға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершілік жүктеледі.