Осы редакция 2020 жылғы 5 мамырда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2018 жылғы 31 қазандағы
№ 604 бұйрығына
5-қосымша
Техникалық және кәсіптік білім берудің мемлекеттік
жалпыға міндетті стандарты
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы техникалық және кәсіптік білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты (бұдан әрі - стандарт) «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 5-1) тармақшасына және 56-бабына сәйкес әзірленді және білім беру мазмұнына, оқу жүктемесінің ең жоғарғы көлеміне, білім алушылардың даярлық деңгейіне және техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламалары (бұдан әрі - ТжКБ білім беру бағдарламалары) бойынша оқыту мерзіміне қойылатын талаптарды айқындайды.
Осы стандартты меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан ТжКБ білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары (бұдан әрі - ТжКБ ұйымдары), оның ішінде әскери, арнаулы оқу орындары (бұдан әрі - ӘАОО) және ТжКБ білім беру бағдарламаларын әзірлеушілер қолданады.
2. Осы стандартта мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:
1) академиялық кезең - ТжКБ ұйымдары семестр, триместр, тоқсан сияқты үш нысанның бірінде өз бетінше белгілейтін кредиттік оқыту технологиясы кезіндегі теориялық оқыту кезеңі;
2) академиялық сағат - кесте бойынша оқыту сабақтарының барлық түрінде оқытушы мен білім алушының арасындағы байланыс жұмыс уақыты;
3) ТжКБ-нің арнайы оқу бағдарламасы - психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар (кәмелетке толмағандар үшін) мен медициналық-әлеуметтік сараптаманың (кәмелетке толғандар үшін) ұсынымдары ескеріле отырып анықталатын, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің психикалық-физикалық ерекшеліктері мен танымдық мүмкіндіктері ескерілетін ерекше білім беру қажеттіліктері бар адамдарды кәсіптік оқытуға және дамытуға бағытталған оқу бағдарламасы;