Коллекторлық агенттіктердің жеке тұлғалардың берешегін реттеу қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2024 жылғы 16 тамыздағы № 51 Қаулысы
(2025.15.03. берілген өзгерістермен)
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2025.26.02. № 8 Қаулысымен кіріспемен толықтырылды (2025 ж. 15 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
«Коллекторлық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабы 1-тармағының 3-1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Коллекторлық агенттіктердің жеке тұлғалардың берешегін реттеу қағидалары бекітілсін.
2. Жеке тұлғалардың 2024 жылғы 1 қазанға дейін сатып алынған берешегі бойынша коллекторлық агенттіктер борышкер-жеке тұлғаны және (немесе) оның өкілін олардың (оның) осы қаулы қолданысқа енгізілген күннен кейін күнтізбелік жиырма күн ішінде «Коллекторлық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 6-1-бабының 1-тармағына сәйкес банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемені орындау талаптарын өзгерту туралы өтінішпен коллекторлық агенттікке жүгіну құқығы туралы хабардар етеді.
3. Банктік емес ұйымдарды реттеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
5. Осы қаулы 2024 жылғы 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.