«Ізгiлiк көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 8 қазандағы № 743 қаулысына өзгеріс енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 7 желтоқсандағы № 869 Қаулысы
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Ізгiлiк көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 8 қазандағы № 743 қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Ізгiлiк көмек көрсету қағидалары осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | А. Мамин |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2021 жылғы 7 желтоқсандағы
№ 869 қаулысына
қосымша
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2014 жылғы 8 қазандағы
№ 743 қаулысымен
бекітілген
Ізгiлiк көмек көрсету қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Ізгiлiк көмек көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 11-бабының 34-2) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының және Қазақстан Республикасына ізгілік көмек көрсету тәртібін айқындайды.
2. Осы қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) Қазақстан Республикасы көрсететін ізгілік көмек – басқа мемлекеттердің аумағында табиғи, техногендік және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайларды, төтенше экологиялық жағдай мен экологиялық зілзаланы жою мақсатында Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттерге көрсететін өтеусіз көмегі;