«Жер қойнауын пайдаланушылардың көмірсутектерді және уранды өндіру кезеңінде ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 31 мамырдағы № 222 және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 мамырдағы № 244 бірлескен бұйрығына өзгерістер енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2023 жылғы 5 қазандағы № 356 және Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 5 қазандағы № 518 бірлескен бұйрығы
БҰЙЫРАМЫЗ:
1. «Жер қойнауын пайдаланушылардың көмірсутектерді және уранды өндіру кезеңінде ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 31 мамырдағы № 222 және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 мамырдағы № 244 бірлескен бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17096 болып тіркелді) мынадай өзгерістер енгізілсін:
бірлескен бұйрықтың кіріспесі жаңа редакцияда жазылсын:
«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 129-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына және 178-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫЗ:»;
көрсетілген бірлескен бұйрықпен бекітілген Жер қойнауын пайдаланушылардың көмірсутектерді және уранды өндіру кезеңінде ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру қағидалары осы бірлескен бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Жер қойнауын пайдалану департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бірлескен бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бірлескен бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;