Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2025 жылғы 19 желтоқсандағы
№ 477 бұйрығына
7-қосымша
«Нан-тоқаш және ұннан жасалған кондитерлік өнімдерді өндіру»
кәсіптік стандарты
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Кәсіптік стандарттың қолдану аясы: «Нан-тоқаш және ұннан жасалған кондитерлік өнімдер өндірісі» кәсіптік стандарты нан, тоқаш және ұннан жасалған кондитерлік өнімдерді өндіру саласында, сондай-ақ тамақ өнеркәсібі мен қоғамдық тамақтану саласының аралас бағыттарында қолданылады. Ол шикізат пен жартылай фабрикаттарды дайындаудан бастап дайын өнімді орау, сақтау және өткізуге дейінгі технологиялық үдерістің барлық кезеңдерін қамтиды. Стандарт нан-тоқаш және ұннан жасалған кондитерлік өнімдер өндірісінде жұмыс істейтін мамандардың біліктілігі мен кәсіби дағдыларына қойылатын талаптарды белгілейді, еңбек функциялары мен қажетті құзыреттер тізбесін айқындайды, сондай-ақ заманауи жабдықтар, санитариялық нормалар және технологиялық үдерістер бойынша ұсынымдарды қамтиды. «Кәсіби біліктіліктер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабына сәйкес әзірленген және оны жұмысқа қабылдау кезінде үміткерге қойылатын талаптарды қалыптастыруда, білім беру бағдарламаларын, соның ішінде кәсіпорындардағы персоналды оқыту бағдарламаларын әзірлеуде, қызметкерлер мен білім беру ұйымдары түлектерінің кәсіби біліктілігін тану мақсатында, сондай-ақ ұйымдар мен кәсіпорындардағы персоналды басқару саласындағы кең ауқымды міндеттерді шешуде қолдануға болады.
2. Осы кәсіптік стандартта мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:
1) Ашытқы - сүт қышқылы бактерияларымен немесе сүт қышқылы бактерияларымен және ашытқымен қоректік қоспаны ашыту арқылы алынған наубайхана өндірісінің жартылай фабрикаты;
2) Ашытқы қамыр - рецептура мен технологиялық режимге сәйкес ұн, су, ашытқы қоспасынан алынған, қамыр дайындауға жұмсалатын жартылай фабрикат;
3) Аяқтауға арналған жартылай фабрикат - кондитерлік бұйымды немесе жартылай фабрикатты аяқтау және (немесе) қабаттау және (немесе) толтыру үшін пайдаланылатын кондитерлік жартылай фабрикат;