«Цифрлық нотариат» пилоттық жобасын іске қосу туралы»
Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2023 жылғы 11 сәуірдегі № 231 және Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 12 сәуірдегі № 147/НҚ бірлескен бұйрығы
Осы редакция 2024 жылғы 8 қаңтарда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 25-бабына және «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 22-бабына сәйкес ақпараттандыру объектілері мен «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілері арқылы сенімхаттарды нотариаттық куәландыру және оларды ұсыну жөніндегі процестерді автоматтандыру мақсатында БҰЙЫРАМЫЗ:
1. Қазақстан Республикасының азаматтарына ақпараттандыру объектілері мен «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілері арқылы цифрлық нотариаттық куәландырылған сенімхаттарды ресімдеуге мүмкіндік беруді көздейтін «Цифрлық нотариат» пилоттық жобасы 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін іске қосылсын.
2. Қоса беріліп отырған Цифрлық нотариаттық сенімхаттарды ресімдеу алгоритмі бекітілсін.
3. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Әділет министрліктері және ұйымдар (келісім бойынша) мыналарды:
1) Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 29 наурыздағы № 123 бұйрығымен бекітілген «Электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерін интеграциялау қағидаларына сәйкес биометриялық сәйкестендірудің, «Мобильді үкімет» ақпараттық жүйелерін және өзге де ақпараттандыру объектілерін «Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйе» ақпараттық жүйесімен интеграциялауды;
2) жоғарыда аталған жүйелердің интеграциялық өзара іс-қимылы шеңберінде іске қосылған интеграциялық сервистердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етсін.
4. Ұйымдар (келісім бойынша) пилоттық жобаға қатысу үшін ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлігінде ақпараттандыру саласындағы заңнаманың талаптарына сәйкес келуі қажет.