Авиамаршруттарды субсидиялау қағидасын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 31 желтоқсандағы № 1511 Қаулысы
(2014.19.12. берілген өзгерістермен)
Осы редакция 2017 жылғы 8 қарашада енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 13-бабының 54) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Авиамаршруттарды субсидиялау қағидасы бекітілсін.
2. «Авиабағыттарға бюджеттік субсидияларды жұмсау ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 28 желтоқсандағы № 1344 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 50, 623-құжат) күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
ҚР Үкіметінің 2014.19.12. № 1327 Қаулысымен қағида жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 31 желтоқсандағы
№ 1511 қаулысымен
бекітілген
Авиамаршруттарды субсидиялау
қағидасы
1. Жалпы ережелер
1. Осы Авиамаршруттарды субсидиялау қағидасы (бұдан әрі - Қағида) «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» 2010 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 13-бабының 54) тармақшасына сәйкес әзірленген және авиамаршруттарды субсидиялау тәртібін айқындайды.
2. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң немесе ол уәкiлеттiк берген мемлекеттік органның шешiмдерi негiзiнде жүзеге асырылатын авиамаршруттар бойынша тұрақты тасымалдар, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың жергiлiктi атқарушы органдарының шешiмдерi негiзiнде жүзеге асырылатын, авиамаршруттың тиiмдi жұмыс iстеуi үшін қажетті кiрiс деңгейін қамтамасыз етпейтін тасымалдар бюджет қаражаты есебінен субсидиялауға жатады.