Қазақстан Республикасы Президентінің жанында Шетелдiк инвесторлар кеңесiн құру туралы
Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 ж. 30 маусымдағы № 3985 Жарлығы
(2025.09.04. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 20) тармақшасына сәйкес қаулы етемiн:
1. Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан Шетелдiк инвесторлар кеңесi құрылсын.
2. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетелдiк инвесторлар кеңесi туралы ереже бекітілсiн (қоса берiлiп отыр).
3. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бiрiншi орынбасары - Қазақстан Республикасының Инвестициялар жөніндегі мемлекеттік комитетiнiң төрағасы бiр ай мерзiмде Мемлекет басшысының қарауына Кеңестiң дербес құрамы жөнiнде ұсыныстар енгiзсiн.
4. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
| Қазақстан Республикасының Президентi | Н. Назарбаев |
ҚР Президентінің 24.11.03 ж. № 1234 жарлығымен (бұр. ред. қара); 2007.08.05. № 325 Жарлығымен (бұр.ред.қара); 2009.22.12. № 905 Жарлығымен (бұр.ред.қара); 2011.06.04. № 1182 Жарлығымен (бұр.ред.қара); 2011.22.12. № 204 Жарлығымен (бұр.ред.қара); 2012.13.03. № 284 Жарлығымен (бұр.ред.қара); 2013.27.03. № 533 Жарлығымен (бұр.ред.қара) ереже өзгертілді; ҚР Президентінің 2013.24.07. № 603 Жарлығымен ереже жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасы
Президентінің
1998 жылғы 30 маусымдағы
№ 3985 Жарлығымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі туралы
ЕРЕЖЕ
1. Жалпы ережелер
1. Шетелдік инвесторлар кеңесі (бұдан әрі - Кеңес) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
2. Кеңес қызметінің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдары, Қазақстан Республикасы Президентінің актілері, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері, сондай-ақ осы Ереже құрайды.
3. Кеңестің қызметін қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі мен Кеңестің жұмыс органы жүзеге асырады.