Ғылыми дәрежелер берудің Ережесін бекіту туралы Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрінің 2001 жылғы 4 маусымдағы № 422 бұйрығы
(ҚР Білім және ғылым министрінің 01.04.02 ж. № 257
бұйрығымен енгізілген өзгерістерімен)
ҚР Білім және ғылым министрінің 10.01.03 ж. № 16 бұйрығымен 2003 ж. осы бұйрықтын күші жойылды
БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Ғылыми дәрежелер берудің Ережесі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік аттестациялық комитетінің 1996 жылғы 12 мамырдағы № 194а "Ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтарды беру тәртібі туралы Ереженің" бекітілуі мен іске асырылуы жөніндегі" Қаулысы күші жойылған деп танылсын.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Жоғары аттестациялық комитеттің төрағасы А.Қ. Құсайыновқа жүктелсін.
Министрдің
міндетін атқарушы
Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым Министрі
міндетін атқарушының
2001 жылғы 4 маусымдағы
№ 422 бұйрығымен бекітілген
ҒЫЛЫМИ ДӘРЕЖЕЛЕР БЕРУ
ЕРЕЖЕЛЕРІ
1. Жалпы қағидалар
1. Осы Ережелер мемлекеттік аттестаттау органы Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлігінiң Жоғары аттестациялық комитетiнiң (бұдан әрi - ЖАК) ғылым докторы және ғылым кандидаты ғылыми дәрежелерiн беру тәртібін белгiлейдi.
2. Ғылым докторы ғылыми дәрежесiн ғылым кандидаты ғылыми дәрежесi бар iзденушiге көпшiлiк алдында диссертация қорғағаннан кейiн диссертациялық кеңестiң өтiнiш-хаты негiзiнде, тиiстi сараптау кеңесiнiң қорытындысын ескерiп, ЖАК Төралқасы бередi.
Ғылым кандидаты ғылыми дәрежесiн арнаулы жоғары білімдi маман біліктілігi немесе "магистр" академиялық дәрежесi бар iзденушiнiң көпшiлiк алдында диссертация қорғауының негiзiнде диссертациялық кеңес бередi, ЖАК кеңес шешiмiн бекiтедi. "Бакалавр" академиялық дәрежесi бар мамандар кандидаттық диссертация қорғауға жiберiлмейдi.