ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЗАҢЫ

Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық бұзушылық профилактикасы және

 Қазақстан Республикасы заңнамасының жекелеген салаларын жетілдіру мәселелері бойынша

өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

 

1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

1. 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының азаматтық кодексіне (ерекше бөлім):

913 жəне 914-баптар мынадай редакцияда жазылсын:

«913-бап. Лотереяларды, құмар ойындарды жəне (немесе) бəс тігуді өткізу ерекшеліктері

1. Уəкілетті мемлекеттік органнан Қазақстан Республикасында ойын бизнесі саласындағы қызметпен айналысу құқығына лицензия алған адам мен құмар ойындарға жəне (немесе) бəс тігуге қатысушы, ал лотереялар үшін лотерея операторы мен лотереяға қатысушы арасындағы қатынастар шартқа негізделген.

Лотерея операторы мен лотереяға қатысушы арасындағы шарт лотереяға қатысушы лотерея билетінің, электрондық лотерея билетінің құнын төлеген жəне лотерея билеті, электрондық лотерея билеті берілген кезден бастап жасалған деп танылады.

2. Лотереяларды, құмар ойындарды жəне (немесе) бəс тігуді өткізу шарттарына сəйкес ұтты деп танылатын адамдарға құмар ойындарды жəне (немесе) бəс тігуді ұйымдастырушы, ал лотереялар үшін лотерея операторы ұтыс төлеуге тиіс.

Құмар ойындарды жəне (немесе) бəс тігуді ұйымдастырушының ұтысты мерзімінде, мөлшерде, нысанда (ақшалай немесе заттай) төлеуі құмар ойындарды жəне (немесе) бəс тігуді өткізу шарттарына сəйкес, бірақ құмар ойындардың жəне (немесе) бəс тігудің нəтижелері шығарылған кезден бастап күнтізбелік үш күннен кешіктірілмей жүзеге асырылады.

Лотерея операторының ұтысты төлеуі заңда белгіленген мерзімдерде, лотерея өткізу шарттарында айқындалатын мөлшерде, нысанда (ақшалай немесе заттай) жүзеге асырылады.

3. Құмар ойындарды жəне (немесе) бəс тігуді ұйымдастырушы, лотерея операторы осы баптың 2-тармағында көрсетілген міндеттерді орындамаған жағдайда, лотереяда, құмар ойында жəне (немесе) бəс тігуде ұтыс шыққан қатысушы өзіне ұтыстың төленуін, сондай-ақ келтірілген залалдардың өтелуін талап етуге құқылы.

914-бап. Құмар ойындарды жəне (немесе) бəс тігуді өткізуге жəне оларға қатысуға байланысты талаптар

Азаматтар мен заңды тұлғалардың тəуекелге (құмар ойындарға жəне (немесе) бəс тігуге) негізделген құмар ойындарды жəне (немесе) бəс тігуді ұйымдастыруға, өткізуге немесе оларға қатысуға байланысты талаптары осы Кодекстің 913-бабында көрсетілген қатынастардан туындайтын талаптарды қоспағанда, сот қорғауына жатпайды.».

2. 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексіне:

171-бап мынадай редакцияда жазылсын:

«171-бап. Əкімшілік қадағалау Əкімшілік қадағалау бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға қатысты:

1) онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыстары үшін - жазасын өтегеннен кейін үш жылға;

2) ауыр қылмыстары үшін - жазасын өтегеннен кейін алты жылға;

3) аса ауыр қылмыстары үшін жазасын өтегеннен кейін сегіз жылға белгіленеді.».

3. 2020 жылғы 29 маусымдағы Қазақстан Республикасының Əкімшілік рəсімдік-процестік кодексіне:

1) 90-1-баптың бірінші бөлігіндегі «Мемлекеттік» деген сөз «Орталық мемлекеттік» деген сөздермен ауыстырылсын;

2) 90-2-бапта:

екінші бөлікте:

2) тармақша «берілетін» деген сөзден кейін «орталық» деген сөзбен толықтырылсын;

4) тармақша «мазмұны» деген сөзден кейін «мен нысанасы» деген сөздермен толықтырылсын;

үшінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

«3. Мыналар:

1) адамның жəне азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұзуға алып келуі мүмкін;

2) конституциялық құрылысқа, қоғамдық тəртіпке, денсаулыққа жəне қоғамдық имандылыққа қол сұғатын, жеке жəне заңды тұлғалардың абыройы мен қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін, ұлтаралық жəне конфессияаралық келісімді бұзатын мəселелер, сондай-ақ адамдарға рақымшылық жəне кешірім жасау;

3) Қазақстан Республикасының тəуелсіз мемлекет ретіндегі мəртебесін, Республиканың біртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, оны басқару нысанын, Республика қызметінің түбегейлі қағидаттарын, Республика Президенті жеті жыл мерзімге сайланады жəне бір адам бір реттен артық Республика Президенті болып сайлана алмайды деген ережелерді, Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген нормаларды өзгерту жəне оны өзгерту мəселелері;

4) Қазақстан Республикасының əкімшілік-аумақтық құрылысы мен Мемлекеттік шекарасы нормаларымен регламенттелген;

5) жедел-іздестіру жəне құқық қорғау қызметін жүзеге асыратын анықтау жəне тергеу органдарының, соттардың өкілеттіктеріне кіретін мəселелер;

6) прокуратура органдары жүзеге асыратын заңдылықтың сақталуын жоғары қадағалау;

7) сыртқы барлау, қарсы барлау қызметі, сондай-ақ күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, күзету іс-шараларын жүргізу мəселелері;

8) Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару, қылмыстық-процестік, азаматтық процестік, əкімшілік рəсімдік-процестік заңнамасын жəне Қазақстан Республикасының əкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасын, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын іске асыруға қатысты мəселелер;

9) соғысты, зорлық-зомбылықты, қатыгездікті, нəсілдік, діни араздықты қоздыруды, экстремизмді, сепаратизмді жəне басқа да дұшпандық əрекеттерді насихаттауды, есірткі, психотроптық заттар мен сол тектестерді, сондай-ақ прекурсорларды таратудың жəне танымал етудің кез келген нысандарын қоса алғанда, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік жəне қоғамдық тəртіпті сақтау;

10) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарынан туындайтын міндеттемелерді орындау;

11) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталары мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына жататын адамдарды лауазымға тағайындау жəне сайлау, лауазымынан босату мəселелері;

12) Қазақстан Республикасының сайлау, республикалық референдум жəне саяси партиялар туралы, Қазақстан Республикасының Парламенті жəне оның депутаттарының мəртебесі туралы заңнамасымен реттелетін мəселелер;

13) Қазақстан Республикасының мемлекеттік рəміздері;

14) мемлекеттік тілдің мəртебесі;

15) мемлекеттік органдар мен ұйымдардың құзыретін, өкілеттіктерін, функциялары мен міндеттерін өзгерту, сондай-ақ оларды құру, тарату жəне қайта ұйымдастыру мəселелері;

16) төтенше жағдай жəне (немесе) төтенше ахуал режимдерінің қолданылуы шеңберінде қабылданған шешімдердің күшін жою жəне оларды өзгерту туралы мəселелер петицияның нысанасы бола алмайды.»;

төртінші бөліктің 1) жəне 3) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

«1) мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уəкілетті орган айқындаған нысан бойынша жəне тəртіппен электрондық нысанда жəне (немесе) жазбаша түрде жиырма жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының кемінде елу азаматының петицияға қосылуы;»;

«3) петицияны берген кезде интернет-ресурста жария қолжетімділікте дəл сондай нысанадағы жəне ол бойынша құзыретті мемлекеттік органның шешімі қабылданып, қабылданған кезінен бастап бір жылдық кезең өтпеген петицияның болмауы.»;

бесінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

«5. Мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уəкілетті орган Қазақстан Республикасының кемінде елу азаматы петицияға қосылған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде немесе петиция жобасы жасалған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде оның осы баптың төртінші бөлігінде көрсетілген шарттарға сəйкестігін тексеруді жүзеге асырады.

Петицияның осы тарауда көрсетілген шарттарға сəйкестігін анықтау қажет болған кезде мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уəкілетті орган уəкілетті мемлекеттік органдарға сұрау салу жіберуге құқылы.».

4. 2023 жылғы 20 сəуірдегі Қазақстан Республикасының Əлеуметтік кодексіне:

18-баптың 34-2) тармақшасы алып тасталсын.

5. «Нотариат туралы» 1997 жылғы 14 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

92-7-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

«1. Атқарушылық жазбаның көшірмесін борышкерге табыс ету туралы хабарлама келіп түскен кезде жəне егер белгіленген мерзімде борышкерден нотариусқа қарсылық түспесе, нотариус өндіріп алушыға атқарушылық жазбаны береді не оның өтініші бойынша оны атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған цифрлық жүйесіне орындау үшін жібереді.».

6. «Адамдарды қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде, арнаулы үй-жайларда ұстау тəртібі мен шарттары туралы» 1999 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына:

46-4-баптың 2-тармағының екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«Егер ұсталған адаммен бірге балалары болса, олар сот шешімімен бөлек камераға бірге орналастырылып, Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде көзделген тəртіппен айқындалатын тамақтану нормалары бойынша тамақпен қамтамасыз етілуі мүмкін.».

7. «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару жəне өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына:

1) 27-баптың 1-тармағының 29) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

«29) «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сəйкес көмек көрсету жөніндегі ұйымдарды құрады жəне олардың жұмыс істеуін қамтамасыз етеді;»;

2) 29-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 4-3) тармақшамен толықтырылсын:

«4-3) Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік уəкілетті органын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік басқару құрылымында оған есеп беретін жəне оның бақылауында болатын, аудандарда, облыстық маңызы бар қалаларда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада орналасатын балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі бөлімдерді құрады жəне олардың қызметін ұйымдастырады;»;

3) 31-баптың 1-тармағының 26) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

«26) «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сəйкес көмек көрсету жөніндегі ұйымдарды құрады жəне олардың жұмыс істеуін қамтамасыз етеді;».

8-тармақ 2026 ж. 11 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді

8. «Автомобиль жолдары туралы» 2001 жылғы 17 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

5-2-баптың 1-тармағы 1) тармақшасының оныншы абзацындағы «органның арнаулы автокөлік құралдары;» деген сөздер «органның;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы он бірінші абзацпен толықтырылсын:

«балық шаруашылығы саласындағы уəкілетті мемлекеттік органның арнаулы автокөлік құралдары;».

9. «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» 2002 жылғы 8 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына:

1) 1-бапта:

8-4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«8-4) Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік уəкілетті органы - балалардың негізгі құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, олардың құқықтарын бұзушылық профилактикасы жəне оны ерте анықтау, оларды қалпына келтіру жəне қорғау жөніндегі шараларды қабылдау қызметін үйлестіруді жүзеге асыратын, сондай-ақ мемлекеттің кəмелетке толмағандарға қатысты қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларын орындайтын жергілікті атқарушы орган;»;

мынадай мазмұндағы 8-5) жəне 8-6) тармақшалармен толықтырылсын:

«8-5) Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік уəкілетті органының қызметкері - кəсіптік білімі бар жəне балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын адам;

8-6) Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уəкілетті органы - Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, балалардың құқықтарын қорғау саласында басшылықты жəне салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;»;

2) 3-1-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы 4) жəне 5) тармақшалармен толықтырылсын:

«4) балаға қатысты кез келген əрекеттерді жасау кезінде баланың ең жақсы мүдделерінің басымдығы;

5) кемсітпеушілік.»;

3) 2-тарау мынадай мазмұндағы 7-13, 7-14, 7-15, 7-16, 7-17, 7-18, 7-19 жəне 7-20-баптармен толықтырылсын:

«7-13-бап. Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік уəкілетті органының өкілеттіктері

1. Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік уəкілетті органының өкілеттіктеріне мыналар жатады:

1) балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

2) балалардың құқықтарын қамтамасыз етуді, олардың құқықтарын бұзушылық профилактикасын жəне оны ерте анықтауды үйлестіру, балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі шараларды қабылдау;

3) тəрбие, білім беру, денсаулық сақтау, ғылым, мəдениет, дене шынықтыру жəне спорт, əлеуметтік қызмет көрсету жəне отбасын əлеуметтік қорғау саласында балалар мүдделеріне орай Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уəкілетті органы айқындаған мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру;

4) балалардың құқықтарын қамтамасыз етуге, олардың құқықтарын бұзушылық профилактикасына жəне оны ерте анықтауға, балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі шараларды қабылдауға бағытталған шаралардың іске асырылуына мониторингті жүзеге асыру;

5) мемлекеттің кəмелетке толмағандарға қатысты қорғаншылық жəне қамқоршылық жөніндегі функцияларын жүзеге асыру;

6) уəкілетті органдар мен ұйымдарды, оның ішінде отбасын қолдау орталықтары мен психологиялық қолдау орталықтарын тарта отырып, өз құзыреті шегінде отбасыларға жəне мынадай:

орта білім беру ұйымдары мен техникалық жəне кəсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдардың педагог-психологтарында жəне əлеуметтік педагогтерінде тəуекел тобында тұрған балаларға, оның ішінде зорлық-зомбылық жəне қатыгездікпен қарау туралы хабарлаған, суицидтік ниеті, суицид жасауға əрекет ету фактілері бар кəмелетке толмағандарға, сондай-ақ педагогикалық қолдап отыру шеңберінде баса назар аударуды талап ететін балаларға;

отбасын қолдау орталықтары мен психологиялық қолдау орталықтары қолдап отырған;

кəмелетке толмағандардың істері жəне олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырыстарында қаралған;

баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдарда құқықтарының бұзылуына байланысты (оның ішінде зорлық-зомбылық жəне қатыгездікпен қарау салдарынан) бұрын болған;

тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері анықталған, өмірде қиын жағдайға ұшыраған адамдарды (отбасыларды) ерте анықтау жəне оларға қолдау көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі мобильдік топтар анықтаған;

кəмелетке толмағандарды тəрбиелеу, оқыту жəне (немесе) күтіп-бағу бойынша өз міндеттерін орындамайтын, сондай-ақ олардың мінез-құлқына теріс əсер ететін ата-аналары, заңды өкілдері бар балаларға көмек ұйымдастыру жəне жеке профилактика шараларын қолдану;

7) осы тармақтың 6) тармақшасында аталған балаларға алты айда кемінде бір рет ұдайы бару жəне олардың жағдайын бағалау;

8) қорғаншылықтағы (қамқоршылықтағы), патронаттағы, баланы қабылдайтын отбасылардағы, баланы қабылдайтын кəсіби отбасылардағы балалардың жай-күйін бағалау жəне оларға қажетті көмек көрсету мақсатында ұдайы бару арқылы алты айда кемінде бір рет балалардың жағдайын мониторингтеу жəне бағалау;

9) кəмелетке толмағандарға қатысты жасалған жеке адамға қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша қылмыстық процесс шеңберінде балаға көмек көрсетуді жəне оны қолдап отыруды ұйымдастырудың жеке жоспарын құру;

10) кəмелетке толмағандар болатын білім беру, денсаулық сақтау жəне халықты əлеуметтік қорғау, мəдениет жəне спорт жүйелерінің мемлекеттік органдары мен ұйымдарына кедергісіз бару;

11) мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардан балалардың құқықтарын қамтамасыз ету, олардың құқықтарын бұзушылық профилактикасы жəне оны ерте анықтау мəселелері бойынша, сондай-ақ балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі қабылданған шаралар туралы ақпарат сұрату;

12) Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.

7-14-бап. Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік уəкілетті органы қызметкерінің мəртебесі

1. Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік уəкілетті органы қызметкерінің балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын адам ретінде ерекше мəртебесі болады.

Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тəртіппен балалардың құқықтарын қорғау саласында кəсіптік қызметті жүзеге асыру жəне тиісті мекемемен еңбек қатынастарында болу кезеңінде адам Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік уəкілетті органының қызметкері мəртебесіне ие болады.

2. Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік уəкілетті органының қызметкерлері əрбір екі жыл сайын біліктілігін арттырудан өтуге міндетті.

Біліктілікті арттырудан өту тəртібін, мерзімдерін Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уəкілетті органы айқындайды.

7-15-бап. Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік уəкілетті органы қызметкерінің киімі Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік уəкілетті органының қызметкері белгіленген үлгідегі киіммен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тəртіппен тегін қамтамасыз етіледі.

Белгіленген үлгідегі киіммен қамтамасыз ету тəртібін жəне оны киіп жүру қағидаларын Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уəкілетті органы айқындайды.

7-16-бап. Ішкі істер органдарының балалардың құқықтарын бұзушылық профилактикасы, оны ерте анықтау, сондай-ақ балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі шараларды қабылдау шеңберіндегі өкілеттіктері

Ішкі істер органдары балалардың құқықтарын қорғау бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өкілеттіктерді өз құзыреті шегінде жүзеге асырады.

7-17-бап. Білім беру органдарының балалардың құқықтарын бұзушылық профилактикасы, оны ерте анықтау, сондай-ақ балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі шараларды қабылдау шеңберіндегі өкілеттіктері

Білім беру органдарының өкілеттіктеріне мыналар жатады:

1) орта білім беру ұйымдары мен техникалық жəне кəсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарға бармайтын, сондай-ақ осындай ұйымдардың педагог-психологтары мен əлеуметтік педагогтерінде тəуекел тобында тұрған кəмелетке толмағандарға, суицидтік ниеті, суицид жасауға əрекет ету фактілері бар кəмелетке толмағандарға, педагогикалық қолдап отыру шеңберінде баса назар аударуды талап ететін балаларға қатысты өз құзыреті шегінде оларды анықтауға қатысу, есепке алуды жүргізу жəне жеке профилактика шараларын жүргізу;

2) Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік уəкілетті органын осы баптың 1) тармақшасында көрсетілген фактілер туралы дереу хабардар ету;

3) балалардың құқықтарын қорғау бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.

7-18-бап. Денсаулық сақтау органдарының балалардың құқықтарын бұзушылық профилактикасы, оны ерте анықтау, сондай-ақ балаларды қорғау жөніндегі шараларды қабылдау шеңберіндегі өкілеттіктері

Денсаулық сақтау органдары өз құзыреті шегінде жүкті əйелдерге, жаңа туған нəрестелерге жəне бес жасқа дейінгі балаларға патронаждық барудың əмбебап прогрессивті моделін жүргізу шеңберінде Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік уəкілетті органына отбасы мен балаға көмек көрсетуді ұйымдастыру, жеке профилактика шараларын жүргізу үшін əлеуметтік қауіп-қатердің анықталған жағдайлары туралы ақпарат береді.

7-19-бап. Халықты əлеуметтік қорғау жəне жұмыспен қамту ұйымдарының балалардың құқықтарын бұзушылық профилактикасы, оны ерте анықтау, сондай-ақ балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі шараларды қабылдау шеңберіндегі өкілеттіктері

Халықты əлеуметтік қорғау жəне жұмыспен қамту ұйымдарының өкілеттіктеріне мыналар жатады:

1) өмірде қиын жағдайға ұшыраған адамдарға (отбасыларға) қатысты, сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, əкімшілік жəне (немесе) қылмыстық құқық бұзушылықтар жасау фактілері туралы ақпарат болған жағдайларда, оларды анықтау, есепке алуды жүргізу жəне жеке профилактика шараларын жүргізу;

2) Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік уəкілетті органын осы баптың 1) тармақшасында көрсетілген фактілер туралы дереу хабардар ету;

3) балалардың құқықтарын қорғау бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.

7-20-бап. Балалардың құқықтарын қорғауға қатысатын өзге де мемлекеттік органдардың балалардың құқықтарын бұзушылық профилактикасы, оны ерте анықтау, сондай-ақ балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі шараларды қабылдау шеңберіндегі өкілеттіктері

Өзге де мемлекеттік органдардың өкілеттіктеріне мыналар жатады:

1) Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік уəкілетті органын балалардың құқықтарын бұзушылық, балаларға қатысты əкімшілік жəне (немесе) қылмыстық құқық бұзушылықтар жасау фактілері мен қауіп-қатері туралы дереу хабардар ету;

2) балалардың құқықтарын қорғау бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.»;

4) 30-баптың 1-тармағының он үшінші бөлігіндегі «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» деген сөздер «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» деген сөздермен ауыстырылсын.

10-тармақ 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі

10. «Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» 2003 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

5-баптың 1-тармағының 1) тармақшасындағы «сондай-ақ трамвайлар мен троллейбустар» деген сөздер «трамвайлар, троллейбустар жəне заңды тұлғалар мен дара кəсіпкерлер жалға беретін электр самокаттар» деген сөздермен ауыстырылсын.

11-тармақ 2025 ж. 31 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді

11. «Ойын бизнесі туралы» 2007 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына:

1) 1-баптың 3-1) жəне 19-1) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

«3-1) бірыңғай есепке алу жүйесі - телекоммуникация желілері арқылы букмекерлік кеңсенің жəне (немесе) тотализатордың аппараттық-бағдарламалық кешеніне қосылған, жеке тұлғаның нұсқауы бойынша тотализатордың немесе букмекерлік кеңсенің электрондық кассаларындағы электрондық ақшаны пайдалана отырып, төлемдерді қабылдауды (жүзеге асыруды), оларды есепке алуды жəне букмекерлік кеңсе жəне (немесе) тотализатор қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушыға аударуды, жеке тұлғаларға электрондық ақшаны пайдалана отырып ұтыстарды төлеуді, жеке тұлғадан тотализатордың немесе букмекерлік кеңсенің кассаларында қабылданған (жүзеге асырылған) қолма-қол ақшалай жəне қолма-қол ақшасыз төлемдерді жəне тотализатордың немесе букмекерлік кеңсенің кассаларында төленген ұтыстарды есепке алуды, бəс тігуге əрбір қатысушы, бəс тігуге əрбір қатысушы бойынша бəс тігуге қабылданған мөлшерлемелер, бəс тігу нəтижесінің нұсқаларына коэффициенттер, олар бойынша ұтыстар мен төлемдер туралы ақпаратты дербестендірілген жинауды, өңдеу мен сақтауды, сондай-ақ Қазақстан Республикасында ойын бизнесі саласындағы қызметпен айналысу құқығына лицензиялары жоқ интернет-казино, букмекерлік кеңселер жəне (немесе) тотализаторлар белгілерін қамтитын интернет-ресурстарды Қазақстан Республикасының аумағында анықтау бойынша мониторингтеуді жəне олар бойынша мəліметтерді масс-медиа саласындағы уəкілетті органға беруді қамтамасыз ететін бағдарламалық қамтылым мен техникалық құралдардың жиынтығы;»;

«19-1) тотализатордың немесе букмекерлік кеңсенің электрондық кассасы - мөлшерлемелер мен ұтыстар бойынша есеп айырысулардың жүзеге асырылуын қамтамасыз ететін бірыңғай есепке алу жүйесі арқылы ақпараттық-коммуникациялық желілерде мөлшерлемелерді қабылдау (есепке алу) жүзеге асырылатын жəне ұтыстарды төлеу жүргізілетін цифрлық жүйе;»;

2) 6-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы 5-1) жəне 5-2) тармақшалармен толықтырылсын:

«5-1) бірыңғай есепке алу жүйесінде есепке алмай, букмекерлік кеңсе жəне (немесе) тотализатор қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушының тотализатордың немесе букмекерлік кеңсенің кассасында мөлшерлемелерді қабылдауына жəне ұтыстарды төлеуіне;»;

5-2) мөлшерлемелер мен ұтыстар бойынша есеп айырысулардың жүзеге асырылуын қамтамасыз ететін бірыңғай есепке алу жүйесінен тыс жерде тотализатордың немесе букмекерлік кеңсенің электрондық кассасында мөлшерлемелерді қабылдауға жəне ұтыстарды төлеуге;»;

3) 7-бап мынадай редакцияда жазылсын:

«7-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті Қазақстан Республикасының Үкіметі:

1) ойын бизнесі саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын əзірлейді;

2) букмекерлік кеңсе немесе тотализатор қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушы жүзеге асыратын, дене шынықтыру мен спортты дамытуға бағытталған бюджеттен тыс ақша қаражатын бөлу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын бірыңғай операторға, Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиада комитетінің қорына олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға жəне «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына, сондай-ақ бірыңғай есепке алу жүйесінің жұмыс істеуіне жəне бірыңғай есепке алу жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін заңды тұлғаның қызметін қамтамасыз етуге жіберілетін мөлшерлемелерден аударымдардың мөлшерін белгілейді;

3) бірыңғай есепке алу жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін заңды тұлға ұстап қалатын аударымдарды дене шынықтыру мен спортты дамытуға бағытталған бюджеттен тыс ақша қаражатын бөлу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын бірыңғай операторға, Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиада комитетінің қорына олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға жəне «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына, сондай-ақ бірыңғай есепке алу жүйесінің жұмыс істеуіне жəне бірыңғай есепке алу жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін заңды тұлғаның қызметін қамтамасыз етуге жіберу пропорциясын айқындайды.»;

4) 8-баптың 1-тармағының 4-3) тармақшасы алып тасталсын;

5) 12-бапта:

4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«4. Ойын бизнесін ұйымдастырушы құмар ойындарға жəне (немесе) бəс тігуге қатысушыларға ұтыстарды төлеуді жеке басты куəландыратын құжатты көрсету негізінде немесе құмар ойынға жəне (немесе) бəс тігуге қатысушыны сəйкестендірудің Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де тəсілін қолдана отырып, өткізілетін құмар ойындар жəне (немесе) бəс тігу қағидаларында көзделген мөлшерде жəне мерзімдерде, бірақ осы құмар ойынның жəне (немесе) бəс тігудің нəтижелері шығарылған кезден бастап күнтізбелік үш күннен кешіктірмей жүргізеді.

Бəс тігуге қатысушыға букмекерлік кеңсенің жəне (немесе) тотализатордың кассасында қабылданған мөлшерлемелер бойынша ұтыстарды төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін кез келген тəсілмен жүзеге асырылады. Ұтыстарды төлеуді есепке алу бірыңғай есепке алу жүйесінде көрсетіледі.

Бəс тігуге қатысушыларға букмекерлік кеңсенің немесе тотализатордың электрондық кассасында қабылданған мөлшерлемелер бойынша ұтыстарды төлеуді букмекерлік кеңсе немесе тотализатор қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушы ұтқан мөлшерлеме жасалған бірыңғай есепке алу жүйесінде бəс тігуге қатысушының электрондық ақшасының электрондық əмиянына ақша қаражатын есепке жатқызу арқылы ойын бизнесін ұйымдастырушының бірыңғай есепке алу жүйесіндегі электрондық ақшасының электрондық əмиянынан жүргізеді.»;

12-тармақта:

екінші сөйлемдегі «есепке алынбаған ақша есебінен мөлшерлемелер» деген сөздер «мөлшерлемелерді есепке алмай, оларды» деген сөздермен ауыстырылсын;

мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

«Букмекерлік кеңсе жəне тотализатор мөлшерлемелер бойынша есеп айырысулардың жүзеге асырылуын қамтамасыз ететін бірыңғай есепке алу жүйесі арқылы ғана тотализатордың немесе букмекерлік кеңсенің тиісті электрондық кассасы арқылы мөлшерлемелерді қабылдауға міндетті. Бірыңғай есепке алу жүйесі арқылы мөлшерлемелер мен ұтыстар бойынша есеп айырысуларды жүзеге асыру үшін букмекерлік кеңсе жəне тотализатор уəкілетті орган тарапынан бірыңғай есепке алу жүйесімен интеграциялау туралы хабарлама алғаннан кейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей, бірыңғай есепке алу жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін заңды тұлғамен жəне төлем ұйымының қызметтерін көрсету үшін тартылған заңды тұлғамен есеп айырысуларды жүзеге асыру туралы шарт жасасуға міндетті.»;

6) 12-1-бап мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:

«5. Букмекерлік кеңсе жəне (немесе) тотализатор қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушы уəкілетті орган тарапынан бірыңғай есепке алу жүйесімен интеграциялау туралы хабарлама алғаннан кейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей интеграциялау туралы шарт жасасуға жəне уəкілетті орган бекітетін, Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес бірыңғай есепке алу жүйесінің жұмыс істеуі жəне бірыңғай есепке алу жүйесінде қамтылған ақпаратты өзге де тұлғаларға беру қағидаларында көрсетілген талаптарды сақтай отырып, аппараттық-бағдарламалық кешендерді бірыңғай есепке алу жүйесімен интеграциялауды он бес жұмыс күнінен кешіктірмей қамтамасыз етуге міндетті. Бірыңғай есепке алу жүйесімен интеграцияланбай, аппараттық-бағдарламалық кешендердің жұмыс істеуіне, букмекерлік кеңсе жəне (немесе) тотализатор қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушының мөлшерлемелерді қабылдауына жəне ұтыстарды төлеуіне жол берілмейді.

Букмекерлік кеңсе жəне (немесе) тотализатор қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушылардың мəліметтерді бірыңғай есепке алу жүйесіне беру тəртібі, тізбесі жəне мерзімдері уəкілетті орган бекітетін, Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес бірыңғай есепке алу жүйесінің жұмыс істеуі жəне бірыңғай есепке алу жүйесінде қамтылған ақпаратты өзге де тұлғаларға беру қағидаларында белгіленеді.»;

7) 12-2-бапта:

1-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

«Бірыңғай есепке алу жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін заңды тұлға төлем ұйымының қызметтерін көрсету үшін заңды тұлғаны тартуға құқылы. Бірыңғай есепке алу жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін заңды тұлғаның Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген құқықтары мен міндеттері төлем ұйымының қызметтерін көрсету үшін өзі тартатын заңды тұлғаға берілген өкілеттіктер бөлігінде осындай заңды тұлғаға қолданылады.»;

2-тармақтың 2) тармақшасындағы «немесе банк операцияларын жүргізуге лицензиясының болуы» деген сөздер алып тасталсын;

мынадай мазмұндағы 4, 5, 6 жəне 7-тармақтармен толықтырылсын:

«4. Бірыңғай есепке алу жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін заңды тұлға Қазақстан Республикасының дербес деректер саласындағы заңнамасын сақтай отырып, бəс тігуге қатысушылардың жасы туралы мəліметтерді қоса алғанда, бəс тігуге қатысушылар туралы ақпаратты есепке алуды жүргізеді жəне букмекерлік кеңселер немесе тотализаторлар қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушыларға береді.

5. Бірыңғай есепке алу жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін заңды тұлға бəс тігуге қатысушының нұсқауы бойынша мөлшерлемені төлеуге қабылдаған жəне (немесе) букмекерлік кеңсе жəне (немесе) тотализатор қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушыға берген электрондық ақша есепке жазылады жəне бірыңғай есепке алу жүйесінде букмекерлік кеңсе жəне (немесе) тотализатор қызметін жүзеге асыратын тиісті ойын бизнесін ұйымдастырушының электрондық ақшасының электрондық əмиянында есепке алынады.

6. Бірыңғай есепке алу жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін заңды тұлға жасалған бəс тігу туралы, оның ішінде бəс тігуге қатысушының тегі, аты, əкесінің аты (егер ол жеке басты куəландыратын құжатта көрсетілсе), туған күні, бəс тігу сомасы, уақыты жəне оның жасалған күні, бəс тігу шарттары, ол бойынша есептелген сомалар, төленуге тиісті ұтыстар, қабылданған мөлшерлемелер, төленген ұтыстар, букмекерлік кеңсе жəне (немесе) тотализатор қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушылардың кассалық операцияларды жүзеге асыруы, бəс тігуге қатысушылармен есеп айырысулар нысаны, бəс тігуге қатысушылардан букмекерлік кеңселер немесе тотализаторлар қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушыларға жəне букмекерлік кеңселер жəне тотализаторлар қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушылардан бəс тігуге қатысушыларға ақша қаражатын, оның ішінде электрондық ақшаны аудару туралы ақпаратты автоматты режимде қабылдауды, тіркеуді, өңдеуді, есепке алуды жəне сақтауды қамтамасыз етеді.

7. Бірыңғай есепке алу жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін заңды тұлға Қазақстан Республикасында ойын бизнесі саласындағы қызметпен айналысу құқығына лицензиялары жоқ интернет-казино, букмекерлік кеңселер жəне (немесе) тотализаторлар белгілерін қамтитын интернет-ресурстарды Қазақстан Республикасының аумағында анықтауды мониторингтеу нəтижелері бойынша Қазақстан Республикасында ойын бизнесі саласындағы қызметпен айналысу құқығына лицензиялары жоқ интернет-казино, букмекерлік кеңселер жəне (немесе) тотализаторлар белгілері бар ақпаратты қамтитын, Интернет желісіндегі домендік атауларды, сайттар беттерінің нұсқағыштарын жəне Интернет желісіндегі сайттарды сəйкестендіруге мүмкіндік беретін желілік мекенжайлардың анықталғаны туралы мəліметтерді Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тəртіппен Қазақстан Республикасының аумағында оларға қол жеткізуді шектеу үшін масс-медиа саласындағы уəкілетті органға жібереді.»;

8) мынадай мазмұндағы 12-3-баппен толықтырылсын:

«12-3-бап. Букмекерлік кеңсе немесе тотализатор қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушы жүзеге асыратын мөлшерлемелерден аударымдар

1. Букмекерлік кеңсе немесе тотализатор қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушы Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын мөлшерде əрбір қабылданған мөлшерлемеден дене шынықтыру мен спортты дамытуға бағытталған бюджеттен тыс ақша қаражатын бөлу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын бірыңғай операторға, Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиада комитетінің қорына олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға жəне «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына, сондай-ақ бірыңғай есепке алу жүйесінің жұмыс істеуіне жəне бірыңғай есепке алу жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін заңды тұлғаның қызметін қамтамасыз етуге жіберілетін аударымдарды (бұдан əрі - аударымдар) жүзеге асыруға міндетті.

2. Букмекерлік кеңсе немесе тотализатор қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушы букмекерлік кеңсенің немесе тотализатордың кассасында қабылданған əрбір мөлшерлемеден аударымдарды ұстап қалады жəне тоқсан аяқталған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей, бірыңғай есепке алу жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін заңды тұлғаға көрсетілген тоқсан ішінде қабылданған мөлшерлемелерден ұсталған аударымдарды жібереді.

3. Бірыңғай есепке алу жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін заңды тұлға электрондық ақшаны пайдалана отырып, букмекерлік кеңсе немесе тотализатор қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушы букмекерлік кеңсенің немесе тотализатордың электрондық кассасында қабылдаған əрбір мөлшерлемеден аударымдарды ұстап қалады.

4. Бірыңғай есепке алу жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін заңды тұлға тоқсан аяқталған күннен бастап жиырма жұмыс күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған пропорцияларда тоқсан ішінде ұсталған жалпы аударымдар сомасын дене шынықтыру мен спортты дамытуға бағытталған бюджеттен тыс ақша қаражатын бөлу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын бірыңғай операторға, Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиада комитетінің қорына олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға жəне «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына, сондай-ақ бірыңғай есепке алу жүйесінің жұмыс істеуіне жəне бірыңғай есепке алу жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін заңды тұлғаның қызметін қамтамасыз етуге жібереді.»;

9) 15-1-бапта:

3-тармақ мынадай мазмұндағы алтыншы бөлікпен толықтырылсын:

«Уəкілетті орган бірыңғай есепке алу жүйесіне, бірыңғай есепке алу жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін заңды тұлғаға, сондай-ақ ол төлем ұйымының қызметтерін көрсету үшін тартатын заңды тұлғаға құмар ойындарға жəне (немесе) бəс тігуге қатысуы шектелген тұлғалардың тізіміне үздіксіз қол жеткізуді қамтамасыз етеді.»;

6-тармақтың екінші жəне үшінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:

«Ұтыс төлеуді қоса алғанда, бəс тігуге қатысушы мен букмекерлік кеңсе немесе тотализатор арасында төлемдер, оның ішінде электрондық ақша пайдаланылған төлемдер бірыңғай есепке алу жүйесінде есепке алынбай, оларды қабылдауға (жүзеге асыруға) тыйым салынады.

Бірыңғай есепке алу жүйесі осы Заңның 15-бабының 1-тармағына сəйкес құмар ойындарға жəне (немесе) бəс тігуге қатысуына тыйым салу белгіленген адамнан (оның пайдасына) электрондық ақша пайдаланылған төлемдерді қабылдаудан (жүзеге асырудан) бас тартуға міндетті.»;

7-тармақ «қатысуға» деген сөзден кейін «, сондай-ақ осындай адамдардан (олардың пайдасына) қолма-қол ақшалай жəне қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдауға (жүзеге асыруға)» деген сөздермен толықтырылсын.

12-тармақ 2025 ж. 31 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді

12. «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға жəне жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» 2009 жылғы 28 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына:

5-баптың 8-тармағының бірінші бөлігіндегі, екінші бөлігінің бірінші абзацындағы, төртінші жəне бесінші бөліктеріндегі «жəне 4)» деген сөздер «, 4) жəне 6)» деген сөздермен ауыстырылсын.

13. «Атқарушылық іс жүргізу жəне сот орындаушыларының мəртебесі туралы» 2010 жылғы 2 сəуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына:

1) мынадай мазмұндағы 9-1-баппен толықтырылсын:

«9-1-бап. Атқарушылық құжатты орындауға ұсыну Өндіріп алушы мемлекеттік сот орындаушысы орындауға тиісті қағаз жеткізгіштегі атқарушылық құжатты осы Заңның талаптарына сəйкес аумағы бойынша тиісті əділет органына ұсынады.

Өндіріп алушы жеке сот орындаушысы орындауға тиісті қағаз жеткізгіштегі атқарушылық құжатты осы Заңның талаптарына сəйкес аумағы бойынша жеке сот орындаушыларының тиісті өңірлік палатасына ұсынады.

Өндіріп алушы немесе оның өкілі өтінішті қағаз жеткізгіште не атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған цифрлық жүйесі арқылы береді.

Электрондық атқарушылық құжатты шығарған орган оны атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған цифрлық жүйесі арқылы осы Заңның талаптарына сəйкес аумағы бойынша тиісті əділет органына не жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына жібереді.»;

2) 37-бапта:

1 жəне 2-тармақтар алып тасталсын;

3-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«Жеке сот орындаушысы осы Заңның 162-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген тəртіппен атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған цифрлық жүйесі арқылы өзіне жіберілген атқарушылық құжаттың негізінде атқарушылық іс жүргізуді қозғайды.»;

3) 152-баптың 4-тармағы алып тасталсын.

14. «Жол жүрісі туралы» 2014 жылғы 17 сəуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына:

14-тармағының 1), 2) жəне 3) тармақшалары 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі

1) 10-бап мынадай мазмұндағы 24-4) тармақшамен толықтырылсын:

«24-4) электр самокаттарды жалға беру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен дара кəсіпкерлердің электр самокатты есепке алуды жүргізу жəне оған тіркеу нөмірін беру тəртібін, сондай-ақ оның нысаны мен үлгісін əзірлейді жəне бекітеді;»;

2) 28-бап мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:

«3. Электр самокаттарды жалға беру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен дара кəсіпкерлер:

1) ақауы бар электр самокаттарға техникалық қызмет көрсетуді жəне оларды пайдаланудан алып тастауды жүзеге асыруға;

2) уəкілетті органдардың цифрлық жүйелерімен интеграциялауды іске асыру арқылы пайдаланушыларды сəйкестендіруді, оларды кез келген санаттағы көлік құралын басқару құқығына жарамды жүргізуші куəлігінің болуы жəне көлік құралдарын басқару құқығынан айыру туралы мəліметтердің болмауы тұрғысынан тексеруді қамтамасыз етуге міндетті. Он сегіз жасқа толмаған жəне көлік құралдарын басқару құқығы жоқ немесе одан айырылған адамдардың электр самокаттарды жалға алуына жəне жолдың жүру бөлігінде басқаруына жол бермеуге;

3) пайдаланушыларды пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін ықтимал айыппұлдар немесе салдары туралы ескертуге;

4) жол жүру кезінде пайдаланушылардың мінез-құлқын электр самокаттардың тұрған жері мен қозғалыс жылдамдығын қадағалауға арналған технологиялардың көмегімен бақылауға;

5) электр самокаттарға арналған əртүрлі жылдамдық режимдері бар аймақтарда электр самокаттар қозғалысының Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең жоғары рұқсат етілген жылдамдығын автоматты түрде шектеуге;

6) электр самокаттарды жаяу жүргіншілер мен көлікке кедергі келтіруі мүмкін жерлерде қалдыруға жол бермеуге;

7) əрбір электр самокатқа көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасуға;

8) уəкілетті орган айқындайтын тəртіппен электр самокатқа тіркеу нөмірін беріп жəне орната отырып, оны есепке алуды жүргізуге;

9) қоғамдық тəртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында уəкілетті органға электр самокаттардың тұрған жері туралы деректерді беруге міндетті.»;

3) 60-бап мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:

«1-1. Заңды тұлғалар мен дара кəсіпкерлер жалға беретін электр самокаттардың жол жүрісіне қатысуына рұқсат беру көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты жəне уəкілетті орган айқындайтын тəртіппен электр самокатта орнатылатын тіркеу нөмірі болған кезде жүзеге асырылады.»;

14-тармақтың 4) тармақшасы 2025 ж. 31 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді

4) 65-бап мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:

«1-1. Көлік құралы, егер оны Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұрғылықты жері бар Қазақстан Республикасының азаматы пайдаланса жəне:

1) оған тиесілі болса;

2) Қазақстан Республикасында тіркелмесе;

3) Қазақстан Республикасына уақытша əкелінсе, Қазақстан Республикасының аумағы арқылы халықаралық жол жүрісіндегі көлік құралы деп есептеледі.».

15. «Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы» 2015 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

4-бапта:

1-тармақта:

«Төрағадан жəне басқа адамдардан» деген сөздер «Төрағаны жəне басқа да адамдарды қоса алғанда, он алты адамнан» деген сөздермен ауыстырылсын;

екінші бөліктегі «Бас Прокурор,» деген сөздер алып тасталсын;

4-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

«Бұл ретте Кеңестің жаңа мүшесі осы бапта көзделген тəртіппен Кеңестің шығып қалған мүшесінің қалған өкілеттік мерзіміне тағайындалады.».

16-тармақ 2025 ж. 31 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді

16. «Төлемдер жəне төлем жүйелері туралы» 2016 жылғы 26 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

1) 13-бап мынадай мазмұндағы 19-тармақпен толықтырылсын:

«19. Төлем ұйымы үшін осы баптың 15-тармағында белгіленген тыйым салу «Ойын бизнесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сəйкес жүзеге асырылатын бірыңғай есепке алу жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін заңды тұлғаның қызметіне, сондай-ақ ол төлем ұйымының қызметтерін көрсету үшін тартатын заңды тұлғаның қызметіне қолданылмайды.»;

2) 43-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

«Ойын бизнесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сəйкес жұмыс істейтін бірыңғай есепке алу жүйесінің электрондық ақша жүйесінде электрондық ақшаны шығаруды электрондық ақша эмитенті мынадай жағдайларда:

растама беріле отырып, электрондық ақша шығарғаны үшін комиссиялық сыйақыны шегергенде өзіне қабылдайтын міндеттемелердің номиналды құнына тең сомада жеке тұлғалардан немесе агенттерден ақша алғаннан кейін;

операцияны табысты авторландыру жəне оны эмитент банктің жəне жеке тұлғаның төлем карточкасы пайдаланыла отырып жүзеге асырылған төлем жүйесінің электрондық ақша шығарғаны үшін комиссиялық сыйақыны шегергенде өзіне қабылданатын міндеттемелердің номиналды құнына тең сомада бəс тігуге қатысуға ақы төлеу бойынша растамасы негізінде жүзеге асырады.».

17-тармақ 2025 ж. 31 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді

17. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау органдары, прокуратура жəне сот арасында өкілеттіктердің жəне жауапкершілік аясының ара жігін ажырата отырып, үш буынды модельді ендіру мəселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2021 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

2-баптың 4) тармақшасының төртінші абзацындағы «2026» деген цифрлар «2027» деген цифрлармен ауыстырылсын.

2-бап. Осы Заң:

1) алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 11 жəне 12-тармақтарын, 14-тармақтың 4) тармақшасын жəне 16-тармағын;

2) 2025 жылғы 31 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 17-тармағын;

3) алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізілетін 1-баптың 8-тармағын;

4) алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілетін 1-баптың 10-тармағын жəне 14-тармағының 1), 2) жəне 3) тармақшаларын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексі қолданысқа енгізілгенге дейін «цифрлық жүйесіне», «цифрлық жүйе», «цифрлық жүйесі», «цифрлық жүйелерімен» деген сөздер тиісінше «ақпараттық жүйесіне», «ақпараттық жүйе», «ақпараттық жүйесі», «ақпараттық жүйелерімен» деген сөздер болып есептелсін.

 

 

Қазақстан Республикасының

Президенті

 

Қ. ТОҚАЕВ

 

Астана, Ақорда, 2025 жылғы 30 желтоқсан

№ 246-VIIІ ҚРЗ