Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарында тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйелерінің болуына қойылатын талаптар жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі басқармасының 2010 жылғы 1 ақпандағы № 4 қаулысы
(2016.30.05. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 27 тамыздағы № 198 Қаулысымен күші жойылды
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарында тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйелерін қалыптастыру жөніндегі мәселелерді реттейтін нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің (бұдан әрі - Агенттік) Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарында тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйелерінің болуына қойылатын талаптар жөніндегі нұсқаулық бекітілсін.
2. Агенттік Басқармасының «Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарында тәуекелдерді басқару жүйелері болуына қойылатын талаптарды белгілеу туралы» 2007 жылғы 30 сәуірдегі № 130 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4712 тіркелген) күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы 2010 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.
4. Сақтандыру нарығының субъектілерін және басқа қаржы ұйымдарын қадағалау департаменті (Д.Ш.Қарақұлова):
1) Заң департаментімен (Н.В.Сәрсенова) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу шараларын қолға алсын;
2) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он күндік мерзімде осы қаулыны Агенттіктің мүдделі бөлімшелеріне, «Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігіне мәлімет үшін жіберсін.